ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Заң қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қабылданады. Ал оның орындалуына күллі қоғам жауапты. Оның ішінде мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап қатаң. Егер мемлекеттік қызметте істейтін азаматтар заңды белшесінен басып, қара бастың қамы үшін мемлекеттің мүддесін ырысып қойса, қоғамның одан ұтылары көп. Сондықтан кез келген заң қабылданған уақытта әулегілерден болып мемлекеттік қызметтің сан түрлі саласында жүрген азаматтарға түсіндірме жұмыстарын жүргізудің маңызы айрықша. Мұны тектен текке жазып отырғанымыз жоқ. Еліміздің күнгейінде халық тығыз қоныстанған.

Сәйкесінше, мемлекеттік қызметшілерге қойылар талап та қатаң. Сондықтан түрлі жат қылық пен теріс әдеттің алдын алу шаралары Түркістан облысында біріншілерден болып қолға алынуы керек. Алынып та жатыр. Мәселен, жуырда Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданы әкімі аппаратының ғимаратында мемлекеттік қызметшілерді іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтау, ойын мекемесіне барудан тартыну және әріптестерге өзінің діни нанымдарын таңбау, қол астындағы қызметшілерді діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға мәжбүрлемеу мәселелері жөнінде аудан әкімі аппаратының басшысы – әдеп жөніндегі уәкілі О.Ыбрай жергілікті атқарушы органдардың басшыларына түсіндіру жұмыстарын өткізді. Кездесу барысында жоғарыда атап өткен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау, лудоманияның алдын алу және діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға мәжбүрлемеу мәселелері бойынша ұсыныстар енгізілді. Сонымен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл әрекеттері бойынша ұсыныстар айтылып, мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік нормаларын ұстану және қызметтік әдеп нормаларын бұзуға жол бермеу қажеттігі жөнінде күнделікті ескерту, сондай-ақ ұжымда жағымды атмосфера құру үшін әдептілік құндылықтарын дәріптеу жұмыстарын жүргізу, құмар ойындарға барудан тиылу жөнінде күнделікті ескерту тапсырылды. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілердің күнделікті жұмыс жүргізу кезінде жұмыс компьютерлерін мақсатқа сай пайдаланып, ақпараттық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау керек екендігі ескертілді.
Айта кету керек, қазіргі уақытта қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының талаптарын түсіндіру жұмыстары еліміздің барлық аймағында жүргізіліп жатыр. Оның ішінде бірнеше жаңа бап бар. Атап айтсақ, алдағы уақытта мемлекеттік қызметте істейтін азаматтар бәс тігіп, құмар ойынға араласатын болса, жұмыстан босатылады. Өйткені бүгінгі таңда лудоманиядан қоғамға келіп жатқан қауіп орасан. Ашық деректердегі ақпараттарға сүйенсек, букмекерлік кеңселерде ақша тігетін қазақстандықтардың қатары көбейіп барады. Мәселен, елімізде лудомандар саны 400 мыңға жеткен. Сарапшылардың айтуынша, ерлі-зайыптылардың ажырасу фактілерінің жиілеуіне де құмар ойын әсер етіп отыр. Атап айтқанда, ажырасу оқиғаларының 40 пайызы ерлі-зайыптылардың бірінің жеңіл ақшаға құмартуының салдарынан болады. Сондықтан бұл мәселенің алдын алу бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылып келе жатыр. Нәтижені жуық арада байқайтын боламыз.