ЗАҢДЫ БІЛУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ
Бүгінде тарап жатқан сан түрлі кеселді әрекеттерге әлеумет білместікпен араласып, артынша тәуелді болып қалады. Ол қатарда лудомания немесе құмар ойынға тәуелділік сияқты түйткіл бар. Бұл неліктен өзекті? Өйткені әлемдік зерттеу жұмыстары осыны айғақтап отыр. Мәселен, АҚШ-тағы құмар ойындар проблемаларымен күрес жөніндегі қауымдастықтың зерттеуіне сүйенсек, әлемдегі кез келген қала тұрғынының аяқ астынан қылмыскерге айналуы 6 пайыз болса, маскүнемге айналуы 34 пайыз, нашақорлыққа салынуы 32 пайызды көрсетсе, ойынқұмар болуы 48 пайызға жетеді екен. Өкініштісі, бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсіп барады. Сондықтан да ел азаматтарына бұл кеселден сақтандыру жолдарын түсіндіру жұмыстарының маңызы айрықша.
Газетіміздің бұған дейінгі сандарында Түркістан облысында аталған бағытта жүзеге асып жатқан жұмыстар жайын тарқата баяндаған едік. Бастамалар мен шаралар әлі де жалғасып жатыр. Жуырда Түркістан облысы, Келес ауданында осындай бір игі шара ұйымдастырылды. Тарқата баяндасақ, қазіргі таңда ел арасында, өкінішіке қарай, кең тарап жатқан дерттердің бірі құмар ойын, бәс тігу сынды елге жат көріністердің алдын алу, болдырмау мақсатында Қошқарата ауылдық округінің әкімі Е.Нұрмаханның басшылығымен құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын ерікті түрде шектеу туралы жиын өтті. Оған ауылдық округ әкімдігінің қызметкерлері қатысты. Жиында ауылдық округ әкімінің жастар ісі бойынша бас маманы Сұлтанбек Ходжакулов ағымдағы жылдың 5 маусымында ҚР Парламенті Мәжілісінің екінші оқылымында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулықты қорғау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болдырмау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы мақұлданғаны, артынша мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды құжатқа қол қойғаны туралы хабарлама жасады. Спикердің айтуынша, аталған заң жобасы шеңберінде мемлекеттік қызметшілердің, әскери қызметшілердің, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерінің құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуына тыйым салу көзделген. Егер заң талаптарын орындамай, бәс тіккен немесе құмар ойын ойнағандар болса, жұмыстан босатылады. Осыны және өзге де маңызды баптар тарқатылған жиынның соңында ауылдық округ әкімі Е.Нұрмахан қызметкерлерге құмар ойынханалары мен құмар ойын орталықтарына барудан тартыну қажеттігін және қызметтен тыс уақытта жалпы қабылданған моральдық-әдеп нормаларын ұстану, қоғамға қарсы мінез-құлық жағдайларын болдырмау туралы қатаң ескертті.
Айта кету керек, Қазақстан азаматтары, сондай-ақ ел аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер eGov mobile мобильдік қосымшасы арқылы 6 айдан 12 айға дейінгі мерзімге өздерін құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын ерікті түрде шектеу туралы өтініш бере алады. Өтініш ЭЦҚ-мен қол қою арқылы онлайн беріледі. Мәселен, азамат өтініш берсе, сервис оны «құмар ойындар және бәс тігуге қатысудан шектелген адамдар» тізіміне енгізеді. Оны 6 айдан 1 жылға дейінгі шектеу мерзімін кері өзгерту мүмкін емес. Алайда шектеу мерзімі аяқталғанға дейін оны қайта ұзартуға өтініш беруге болады. Бұған дейін мұндай шектеу болғанын біреу білсе, біреу білмес. Бұрын өтінішті қағаз жүзінде жасауға болатын және ол сегіз жұмыс күні ішінде қаралған. Сондай-ақ өтінішті сіз үшін басқа бір адам бере алмайды. Ал қазіргі жаңа ереже бойынша уәкілетті орган «құмар ойыннан шектелген» адамдарды тізімнен сот шешімі негізінде шығарады.