АБАЙ — ДАНА, АБАЙ — ДАРА ҚАЗАҚТА

10 тамыз – есімі қазақ сөзімен қатар айтылатын тарихи тұлға Абай күні. Бұл күні ұлт руханиятының темірқазығы Абай Құнанбайұлы дүниеге келген. Сондықтан атаулы дата мемлекеттік мерекелер тізіміне енген. Сәйкесінше, дәл осы күні еліміздің бүкіл аумағында рухани һәм мәдени шаралар ұйымдастырылады. Биыл Абай күні қарсаңында Түркістан қаласында да бірқатар маңызды шаралар өтті. Бүгінгі материалымызда соның бірі турасында тарқата баяндамақпыз…

Жалпы Абай күні биыл еліміздің барлық аумағында кең ауқымды аталып өтті. Оның ішінде Түркістан қаласында арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен зиялы қауым өкілдері, кітапханашылар, дарынды оқушылар қатысты. Іс-шара арнайы жасақталған кітап көрмесінен бастау алды. Одан кейін облыс әкімінің орынбасары бастаған зиялы қауым өкілдері Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Жиында алғаш болып сөз алған «Түркістан облыстық ақсақалдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы Абай ілімін тарқатып, жастарға өнеге беретін ерекше сөздерін атап өтті. Ал Ертай Кенжебекұлы ұйымдастырылып отырған шараның маңызын былайша тарқатты «Бүгінгі шараның қазақ руханияты мен әдебиетінде алар орны айрықша. Ұлы кемеңгер Абай Құнанбайұлының шығармашылығы мен еңбектерін дәріптеу – бізге артылған абыройлы міндет. Атаулы күн «Абай оқулары» халықтық акциясы, «Абайдың қара сөздері» әдеби челленджі, ғылыми конференциялар мен абайтанушы ғалымдармен шығармашылық кездесулер арқылы кеңінен насихатталады. Осы орайда, Түркістан тұрғындары мен қонақтарына рухани бағдар болып тұрған Абай ескерткішінің алдына жиылып, ақын рухына тағзым ете келген әрбіріңізге алғыс білдіремін».
Бұдан бөлек, шара барысында Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығы оқушылары көркемсөз оқыды. Ал орталық жетекшілері жанды дауыста Абай әндерін шырқап, көптің қошеметіне бөленді. Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облысындағы өкілі Айдар Сейдәзім бастаған қаламгерлер пікір білдіріп, ұлы ақынның өлеңдерін оқыды. Атаулы күнге орай облыстық «Фараб» кітапханасы ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 179 жылдығы аясында «Абайды оқы, орында» атты әдеби іс-шаралар онкүндігін бастаған болатын. Онкүндік аясында түрлі танымдық, әдеби-мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар аудан, қаладағы барлық мәдени мекемелерде көрмелер, кездесулер өткізілді. Бір сөзбен айтқанда, ұлы ақынның шығармашылығы мен өмірі тарихи қала төрінде кеңінен насихатталды.