ОБЛЫСТЫҚ КІТАПХАНАШЫЛАР СЛЕТІ ӨТТІ
Түркістан облысына қарасты аудандар мен қалаларда қоғамның сан түрлі саласын дамыту бағытында қыруар іс атқарылып келеді. Мәселен, Ордабасы ауданында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша қыруар іс қолға алынған. Инвесторларға жайлы жағдай жасау бастамасы да сәтті жүзеге асып келе жатыр. Бұл ғана емес, ауданда мәдени һәм танымдық шаралар да жиі өтіп тұрады. Жуырда осындай шаралардың бірі аталған ауданда ұйымдастырылған еді. Тарқатайық…
Өткен аптада Ордабасы ауданындағы аудандық орталықтандырылған кітапханада ІІІ облыстық кітапханашылар слеті өтті. Шара ашық аспан астындағы кітап көрмесін таныстырудан басталды. Шараны аудан әкімінің міндетін атқарушы Мейрамбек Ақмұратов және аудандық мәслихат төрағасы Бақдаулет Жұмабеков ашып, құттықтау сөз сөйледі. Сонымен қатар кітапханашылар жиынына композитор, профессор Бекжігіт Сердәлі, белгілі журналист Роза Нарымбетова бастаған зиялы қауым өкілдері мен өңірдегі кітапханашылар қатысты. Аудандық орталықтандырылған кітапханада өткен жиын «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова өңірдегі 399 кітапхананың бүгінгі жай-күйіне тоқталып, алда тұрған міндеттерді пысықтады. Келген қонақтар кітапхана ісінің елдің бүгіні мен болашағы үшін алар орны ерекше екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар ордабасылық кітапхана майталмандары сөз алып, слеттың маңыздылығына арнайы тоқталып, ойын ортаға тастады. Бұдан бөлек, шара барысында «Түркістан облысы кітапханалары: күрделі мәселелер мен даму жағдайы», «Ордабасы аудандық кітапханалар жұмысы: жағдайы мен жетістіктері», «Түркістан облысы кітапханаларының 2023-2024 жылдардағы жағдайы: аналитика», «Кітапхана саласындағы ер азаматтардың рөлі», «Қазіргі заманғы кітапхана менеджменті» тақырыптарында баяндамалар оқылды.
Маңызы зор жиында мамандардың шетелдік кітапханалармен байланысып, тәжірибе алмасу, өзге облыстардың үздік мамандарымен онлайн түрде курс алу, кітапханашы мамандығына ер адамдарды тарту туралы ойлар ортаға салынды. Шара соңында Ордабасы ауданының үздік кітапханашылары марапатталды. Айта кетейік, аталған жиын Түркістан облыстық мәдениет басқармасының және Ордабасы ауданының әкімдігінің қолдауымен, облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының бастамасымен Ордабасы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырған.