АУА БАПТАҒЫШТАН КЕЛЕТІН ҚАУІП КӨП
қайтпек керек?
Жаз шығып, күн ысыса, ауа баптағыш пен желдеткішке деген сұраныс артады. Әсіресе, еліміздің күнгейінде тұратын әлеумет бұл заттарды жиі пайдаланады десек, артық айтқанымыз емес. Десе де оның пайдасымен қатар зияны барын көпшілік қауым ескере бермейді. Асылында, әрбір техниканың немесе құрылғының қолдану тәртібі болады. Оны елемегендер мен ескермегендер саулығына ай мен күннің аманында зиян келтіруі мүмкін.
Жуырда Алматыдағы №36 қалалық емханасының дәрігері Балжан Жақсылық ауа баптағышты үнемі қолданудың адам ағзасына қандай кері әсері болуы мүмкін екенін айтты. Өз сөзінде «Жоғары температура әсіресе жүрек ауруы, қант диабеті және тыныс алу проблемалары сияқты созылмалы аурулары бар адамдар үшін қауіпті. Ыстықта олардың жағдайын мұқият бақылау керек. Ыстық ауа райы кезінде дене терлеу арқылы көп ылғалды жоғалтады. Сондықтан суды жеткілікті мөлшерде ішу арқылы ылғалдандыруды сақтау өте маңызды» деді дәрігер.
Дәрігер ауа баптағыштан келетін теріс әсердің алдын алу бойынша ұсыныстары мен кеңестерін де айтты. Тарқатсақ, желдеткішті 5-7 градустан аспайтын айырмашылықпен қосу ұсынылады. Өйткені үлкен градустық айырмашылық иммундық жүйесі әлсіреген адамдарда суық тиюді және созылмалы аурулардың өршуін тудыруы мүмкін. Сонымен қатар желдеткіш жұмыс істеп тұрса да, таза ауаны қамтамасыз ету және шаң мен бактериялардың концентрациясын азайту үшін бөлмені жиі желдету қажет. Желдеткіш ауаны құрғатады. Сондықтан су ылғалдандырғышты қолдану не үйге су құйылған ыдыстарды қою ұсынылады. Бұдан бөлек, гипотермия немесе суық тиюді болдырмау үшін суық ауа ағынын тікелей өзіңізге бағыттамаңыз. Ауаны шетке немесе жоғарыға бағыттаған дұрыс. Қош делік, қарапайым қағидалардың өзі үлкен мәселенің алдын алуы мүмкін. Сондықтан мамандардың кеңесіне құлақ асқан жөн.