БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫНЫҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Елімізде, оның ішінде Шымкент қаласында жұмыспен қамту шаралары қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, өткен аптада «Арбат» алаңында «Жастарға жұмыс» республикалық бос жұмыс орындарының республикалық жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкені ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «AMANAT» партиясының қолдауымен Шымкент қаласы әкімдігі ұйымдастырды.

Маңызды іс-шараға қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, қалалық партия филиалының өкілдері, «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Павлодар облыстарының делегат мүшелері, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшылығы қатысты. Жәрмеңкеде биылғы бітіруші түлектерге, жұмыс іздеп жүрген қала тұрғындары мен жас мамандарға мемлекеттік қызметке орналасудың тәртібі, бос орындар, ерікті түрде Солтүстік өңірге қоныс аудару бағдарламасы, мемлекеттік қайтарымсыз грант бойынша түсіндірме жүргізіліп, жұмыспен қамтудың белсенді шаралары туралы ақпараттық кеңестер берілді. Жәрмеңкеде 82 мекеме 963 тұрақты жұмыс орнын таныстырып, қалған жұмыс берушілер онлайн түрде бос жұмыс орындарын ұсынды. Жалпы 150-ден астам мекемеден 5 мыңға жуық бос орын ұсынылды.
Жұмыс берушілер 500-ге жуық адамға кеңес беріп, 103 адамға жолдама берді. Атап айтқанда, 50 адам тұрақты жұмысқа, 30 қатысушы «Жастар практикасына», 18 жас «Алғашқы жұмыс» орнына жолдама алса, 5 адам «Қоғамдық жұмыс» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасатын болды. Одан бөлек, 41 адамға қысқа мерзімді кәсіптік оқу мен қайтарымсыз грант алу бойынша кеңес берілсе, 77 отбасы ерікті түрде Солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниет білдірді.