МҰЗ САРАЙЫ МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ

мемлекет мүддесін жекенің тақымына қысып бергендер жазадан жалтарып кетпей ме?

Соңғы кездері Шымкенттің аты бұқаралық ақпарат құралдарынан жиі көрінетін болды. Бұған себеп те жоқ емес. Өйткені айналдырған бірнеше айдың ішінде түрлі схемалармен жекенің қолында кетіп, ауқаттылардың атына жазылған бірқатар нысандар мемлекет меншігіне қайтып жатыр. Бір қызығы, мұндай сау адамның санасын сенделтетін айла-амал, қулық пен сұмдық биыл ғана ашылып, арты мәлім болып отыр. Себебі кейбір нысандардың жекенің қолына өтуіне 10 жылдан асып кеткен. Ал бұл уақыт ішінде үшінші мегаполиске бір емес бірнеше әкім келді. Қаншама басқарма басшылары ауысты. Бақылау мен тексеруге жауапты органдардың жергілікті басшылары келіп-кетті. Осыны ескерсек, мұндай айла-шарғылар олардың көзіне түспеген, бәлкім күші жетпеген болуы мүмкін.

Жасыратыны жоқ, соңғы кездері елдің санасына мықтап сіңіп қалған «шымкенттік варианттың» шырмауы сетінеп, күрмеуі шешіліп жатыр. Әрине, бұған қазіргі қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың тікелей мүдделі екенін де естен шығармауымыз тиіс. О баста мемлекет басшысының сенімін арқалап, бұқараның мәселесін шешуге, қала берді жергілікті жүйедегі жемқорлықты жоюға келгенін айтқан шаһар басшысы күні бүгінге дейін бірқатар маңызды бастамаларды көтеріп, сәтті жүзеге асырды. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты жоюға деген ниетін де аңғартты. Енді міне, шаһардағы алып нысан Мұз сарайы да мемлекет меншігіне өтті. Мәселені әріден тарқатайық. Ашық дереккөздердегі ақпарға сенсек, нысанның құрылысы 2001 жылы басталып, 2003 жылы пайдалануға берілген. Құрылысқа қазынадан 1 млрд теңгеге жуық қаржы қаралған. Бұл нысан бастапқыда қала үшін маңызды жүзу бассейні болды. Кейінірек жеңіл атлетика кешеніне айналды. Бертін келе қала әкімі қызметін атқарған Анарбек Орман кәсіпорынды жауапкершілігі шектеулі серіктестікке айналдырып, нысанды аукционға қояды. Міне, сонда бұл нысанның акциясын сатып алған Серікжан Сейтжанов әкімдікпен бірге сарайдың тең иесі атанады. Арада біршама уақыт өткеннен кейін нысанды қайта қалпына келтіруге тағы 400 млн теңге жұмсалған. Оның көп бөлігі қазына қаржысынан алынған. Осылайша, 2009 жылы сарай тағы да салтанатты түрде ашылды. Ол кезде қазір істі болып, басы даудан арылмай келе жатқан Қайрат Сатыбалдының құдасы делінетін Серікжан Сейтжановтың «Саутс-Ойл» ЖШС нысанның 33 пайыз акциясын иеленеді. Қалғанының мемлекетке тиесілі екені айтпаса да белгілі.
Қызықтың көкесі арада бірнеше жыл өткеннен кейін басталды. Міне, сол уақытта әкімдік Мұз сарайын ұстап тұруға 40 млн теңге көлемінде шығын кетеді дегенді алға тартады. Нәтижесінде сол уақыттағы шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымовтың шешімімен нысан аукционға шығарылды. Жарияланған уақытта нысанның сметалық құны 996 млн 944 мың теңге ретінде көрсетіледі. Бұл күллі нысанның 67 пайыздық үлесі еді. Әрине, мұндай қаржыға сатып ала қоятын адам табылмайды. Біршама уақыттан кейін үшінші рет аукционға шығарылған нысанның жоғарыда біз сөз еткен үлесі небәрі 128 млн теңгеге «Мұнай құрылыс сервис» ЖШС-на сатылады. Қарап отырсақ, нысанның 33 пайызына иелік ететін «Саутс-Ойл» ЖШС да, сатып алушы мекеме де Серікжан Сейтжановқа тиесілі. Бір қызығы, елімізде спорт нысандарының жекеге өтуі белгілі бір жүйемен жүзеге асады. Яғни бастапқыда мемлекеттік нысан рентабельді емес деп танылады. Артынша аукционға шығады. Оны сатып ала қоятын азаматтар табылмай, ақыр аяғында арзан бағаға кәсіпкердің немесе олигархтың қолына өтеді. Қош делік, осылайша өткені күмәнді, тарихы бұлыңғыр нысан бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Шымкент қаласының прокуратурасы сыртқы талдау жүргізіп, аукционда өрескел бұзушылықтарды анықтап, сатып алу-сату шартын бұзуды талап етіп сотқа жүгінеді. Артынша Сот шешімімен сатып алу-сату шарты бұзылды. Енді жуырда Шымкент қаласының прокуратурасы Мұз сарайының мемлекетке қайтарылғанын мәлімдеді.
Хабарламада «Спорт сарайын сатып алған ұйым жекешелендіру рәсіміне заңсыз жіберілген және жарғылық құжаттарға сәйкес спорт саласындағы қызметтермен айналысуға құқығы жоқ болғандықтан, аукционға қатысушы ретінде тіркелуге жатпайды. Спорт сарайы оңтүстік өңірлерде қысқы спорт түрлерін дайындайтын жалғыз орын болып саналады. Объектіні жекешелендіру кезінде мемлекет мүлкін қоғам игілігіне тиімді пайдалану қағидасына сәйкес басқаруды міндеттейтін «Мемлекеттік мүлік туралы» ҚР Заңының нормалары бұзылған. Сондай-ақ 5 жыл ішінде мемлекет Спорт сарайының үй-жайларын жалға алуға 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсаған. Шымкент қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 27 мамырдағы шешімімен жекешелендіру нәтижелері жойылды» делінген. Міне, осы тұста қарапайым математиканы іске қосайық. Бастапқыда нысан аукционға шықпас бұрын 40 млн теңгені алапат шығынға балаған шенділер артынша нысанды жалға алу бойынша 5 жылда 1 млрд теңгеге жуық қаржыны жұмсап жіберген. Мемлекеттің ұтылғаны белгілі. Ал ұтқан кім? Айтпаса да түсінікті…
Қош делік, осыншама талапқа томпақ келетін әрекетті бір ғана маманның немесе басшының істей қоюы неғайбыл. Қала берді, жылдар бойы нысанның жекеге өтіп кетуіне көз жұма қараудың өзі көңілде күдік тудырады. Қала прокуратурасы мәлімдеген заңға қайшы келетін әрекеттерге кім жауапты? Мемлекеттің мүддесін жекенің тақымына қысып бергендер кім? Біздіңше, мұның барлығы анық та айқын ашылуы, түсіндірілуі тиіс деп білеміз. Рас, мүлік мемлекеттің меншігіне өтті. Дегенмен жалғанды жалпағынан басып, қызметті қара бастың қамына пайдаланғандардың жазадан сытылып кетуіне жол беруге болмайды.

P.S.

Шымкент қаласының қазіргі әкімі Ғабит Сыздықбеков соңғы жылдары қаладағы жекеге заңсыз өткен нысандарды қайтару бойынша ауқымды істерді қолға алып жатқаны белгілі. Әрине, мұның біраз олигархқа ұнай қоймасы анық. Әйткенмен шаһар басшының талабы қатаң, ұстанымы айқын. Нәтиже шығаруға келді. Мақсатын орындап кететінін аңғартып отыр. Қанша десек те, шырғалаңы мен бұралаңы көп жергілікті жүйеге тәртіп орнататын әкімнің келгені қуантады.

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.