ЗАҢСЫЗ БЕРІЛГЕН ЖЕРДЕ ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНІ БОЙ КӨТЕРІП ЖАТЫР

істің соңы неге сиырқұйымшақтанып кетті?

Елімізде «AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының ықпал етуімен жекенің меншігіне өткен бірқатар жерлер мемлекетке қайтарылуда. Бұдан біршама уақыт бұрын Мәжіліс депутаты, заңгер Бақытжан Базарбек назардан тыс қалған елдегі бірнеше құқықтық фактілерді атап ҚР Премьер-министрі мен Бас Прокурорға депутаттық сауал жолдаған болатын. Міне, сонда мәжілісмен Шымкенттің атын атап, бірқатар заңсыз берілген жер учаскелерін тілге тиек еткені бар.

Нақтырағы Мәжіліс депутаты «Шымкентте заңсыз СПК «Шымкентке» берілген аумағы 77 гектар болатын 46 жер телімдерін жергілікті Жер инспекторлары сотқа беріп, заңсыз шығарылған әкімдердің қаулылары мен жалға алу шарттарын бұзды. 46 жер учаскесінің ішінде «Шығыс Монтаж Строй» мекемесіне тиесілі жер мемлекеттік меншікке соттың шешімімен қайтса дағы, соттың шешіміне қарамастан дәл сол жерде жаңа «Ұлы дала» тұрғын-үй кешені құрылысын бастап кетті. Бұл тұрғын-үй кешенін соғуды тоқтатыңдар деген соттың шешімі шықты, заңды күшіне енді. Бірақ та соттың шешімін орындатуға мемлекеттік органдардың тісі батпай отыр» деген болатын.
Қош делік, жоғарыда аты аталған «Ұлы дала» тұрғын үй кешені «BI GROUP» компаниясының ресми интернет ресурсында жарияланған. Демек бұл іске құрылыс саласындағы алпауыт компанияның да қатысы болуы мүмкін. Ендеше жауаптылардың неліктен енжарлық танытып отырғаны түсініксіз. Бәлкім, мәжілісмен сөз еткендей, тісі баспай отыр ма? Біз білетін қала әкімінің заңнан аттағандарды аямайтыны анық еді ғой. Әлде бізге беймәлім дүниелер бар ма? Нақты жауапты әкімдік береді деп сенеміз…

С.НҰРАЙ.