БАСПАНА ҚҰНЫ ҚҰБЫЛЫП ТҰР

нарықтағы баға алдағы уақытта қалай өзгереді?

Бүгінде әлеуметтің ең өзекті мәселелерінің қатарына тұрғын үй түйткілі жатады. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта қалаларда нәпақа табу қамымен жүрген қазақ көп. Олардың дені жалдамалы пәтерлерді жағалап жүр. Айлық табысынан артылғанын жинап, баспана сатып алу амалына көшкендердің де қатары қалың. Дегенмен оған баршаның бірдей қолы жетпесі анық. Осындайда кей азаматтар нарықтағы баспана бағасының түсуінен үмітті екенін жасырмайды. Бұл мүмкін бе? Жуырда бұл сауалдың жауабын шенділер берді. Тарқатайық…

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков пәтер бағасы туралы болжамын айтты. Нақтырағы журналист оған «Кейінгі 10 айда республика бойынша пәтер бағасы бірнеше пайыз түсті. Бұл немен байланысты деп ойлайсыз? Астанада да, өңірлерде де баспана үлкен ауқыммен салынып жатқанын ескерсек, баға әрі қарай да түсе бере ме?» деген сауал қойған болатын. Тосын сауал комитет төрағасын тосырқатып қоймады. Ол бірден пәтер бағасының өспесе, түспейтінін айтты. Ашып айтсақ «Бұл жерде пәтер бағасының күрт түскені байқалмағанына сендіре аламын. Өйткені инфляция баспана бағасына қалай да әсер етеді. 2024 жылдың алғашқы жартысындағы қорытынды бойынша қолданысқа беріліп жатқан баспана ауданының өсу тенденциясы бар. Құрылыс шығындарының орташа статистикасы да 2-3 пайыз көлемінде өсті. Дей тұрғанмен жасалған мәмілелер саны төмендеген. Біз пәтер құнының түсуін дәл осы мәмілелердің азаюымен байланыстырамыз. Жалпы пәтер бағасының күрт өсуін немесе күрт түсуін күтіп отырған жоқпыз. Біртіндеп өсе береді деген болжам бар» деді Бақытжан Жүнісбеков.
Қош делік, демек отандық өндіріс дамып, құрылыс материалдары толықтай өзімізде шыққанның өзінде нарықтағы бағаның түсе қоюы неғайбыл екеніне көзіміз жетті. Өйткені инфляция бағаның түсе қоюына мүмкіндік бермейді…

С.НҰРАЙ.