ДӘУРЕНБЕК ҚОЖАБАЕВҚА ІЗДЕУ ЖАРИЯЛАНДЫ

ал оның сыбайластары қашан құрықталады?

Жуырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ҚР Қылмыстық Кодексінің 366-бабы, 4-бөлігімен көзделген қылмысты жасағаны үшін халықаралық іздеуде жүрген ҚР азаматы, 1978 жылы туған Дәуренбек Аманқұлұлы Қожабаевқа іздеу жариялады. Бұл туралы агенттіктің ресми интернет ресурсында жарияланды.

Ондағы дерекке сүйенсек, іздеу салынған адам анықталған жағдайда немесе оның болуы ықтимал орын туралы қандай да бір ақпарат болса, шұғыл хабарлау қажет. Ұстауға ықпал ететін ақпарат бергені үшін сыйақы және анонимділік тұрғысынан кепілдік беріледі. Дәуренбек Қожабаев 2022 жылы Шымкент қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарған. Жоғарыдағы хабарламада жазылған деректі ескерсек, 45 жастағы ҚР азаматына «Пара алу» бабы бойынша айып тағылып отыр.
Қош делік, Дәуренбек Қожабаев есімінің үшінші мегаполистегі бірқатар азаматтарға таныс екені белгілі. Тіпті, әлеумет арасында «Қожабаевтың сыбайласы» делінетін сыпсың сөз, алып-қашпа әңгіменің де жүретіні белгілі. Қала берді, пара беру мен алуға бір ғана адамның кінәлі болмайтыны анық. Демек олар да құқық қорғау қызметкерлерінің құрығына түсуі мүмкін. Бір ғана нәрсе қызық, оларға кезек қашан келеді?

«Уақыт».