АССАМБЛЕЯ ЖАНЫНДАҒЫ АНАЛАР КЕҢЕСІ ҚОҒАМНЫҢ БЕС КЕСЕЛІМЕН КҮРЕСУДІ КӨЗДЕЙДІ

Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы елімізде ғұмыр кешіп жатқан ондаған ұлт пен ұлыстың бірлігін, ынтымағын насихаттайтын тың бастамаларды көтеріп келеді. Бұл ғана емес, соңғы уақытта қоғамда белең алған лудомания, нашақорлық сияқты өзекті түйткілдердің шешімінің табылуына да атсалысуда. Мәселен, жуырда Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің отырысы өтті. Жиынға Түркістан облысы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова модераторлық етті.

Келелі кеңеске облыстық ҚХА жанындағы қалалық, аудандық Аналар кеңесінің төрайымдары мен облыстық этномәдени бірлестіктердің Аналар кеңесінің төрайымдары қатысты. Іс-шарада «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы, «AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер қанатының облыстағы әйелдердің құқығы мен мүмкіндігін кеңейту мәселелері жөніндегі кеңесшісі, облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева көпбалалы отбасылардың басым бөлігі шоғырланған оңтүстік өңірдегі отбасыларды, ана-мен бала құқығын қорғау үлкен маңызға ие екенін атап өтті. Аталған тақырыптар төңірегінде еліміздегі оң өзгерістерді, отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту және еңбектегі кемсітушілікті жою үшін кешенді шаралар қабылданып жатқанына тоқталды. Сонымен бірге өткен жылдың соңында партия жанынан қыз-келіншектердің көшбасшылығын дамытуды көздейтін «Әйелдер қанаты» ұйымының құрылғанын, оның бағыттары жөнінде кеңінен ақпарат берді. Ұйымның облыстағы алғашқы форумы да «Зорлық-зомбылықсыз қоғам» тақырыбына арналғанын, онда тақырып аясында маңызды талқылаулар болғанын тілге тиек етіп, осынау тақырыптың әлі де маңыздылығы жойылмағанын айтты.
Жиында белгілі болғандай, өңірде әйелдер қауымы барлық салада жемісті еңбек етуде. Облыстың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жетекшілік ететін әйел азаматтарының үлесі — 32 пайыз. Қазіргі таңдағы жағдай бойынша Түркістан облысындағы 5600-ден астам мемлекеттік қызметшінің 27 пайызын нәзік жандылар құраса, оның 244-і немесе 15 пайызы басшылық лауазымдарды атқарады. Облыстық мәслихаттағы 13 мандатты қыз-келіншектер иеленген. Басқосуда облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева қоғамдағы аналардың рөлі мен жауапкершілігі және ұрпақ тәрбиесі туралы сөз қозғап, Мемлекет басшысының ҚХА сессиясында берген тапсырмаларының орындалу барысына тоқталды. Сондай-ақ жиында ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова «Салауатты сана» жобасы аясында қоғамның бес кеселімен жүйелі күрес жүргізу, оның алдын алу және болдырмау жолдарына жасалған жоба-жоспармен таныстырды. Гүлсара Төлебекқызы өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің бұл жобасы нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресуге бағытталғанын атап өтті. Ал Түркістан облысы медиация кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор Жұлдыз Өтегенова медиация тәсілінің сотқа дейінгі және соттағы тиімділігі мен артықшылығы жөнінде кеңінен баяндады. Басқосу әрі қарай сұрақ-жауап түрінде өрбіп, жиынға қатысушылар өзекті мәселелер төңірегінде өзара пікір алмасып, ойларын ортаға салды.