ЖАЛҒАН ДИПЛОМДАРДЫҢ САТЫЛУЫНА ТОСҚАУЫЛ ҚОЙЫЛУДА
Бүгінде білім саласындағы өзекті мәселелерді шешу мақсатында қыруар іс атқарылып жатыр. Мектептердегі орын тапшылығын жою, материалдық-техникалық базаны нығайту бойынша көптеген тың бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асты. Бұл ғана емес, жалған диплом алған педагогтермен де күрес қарқынды жүруде. Осы орайда, жуырда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті жалған дипломдардың сатылуымен күресте қандай шаралар қабылданып жатқанын түсіндірді.
Комитет таратқан ақпаратқа сенсек, 2021 жылдан бастап «Білім туралы» Заңының 39-бабына сәйкес, Сот төрелігі академиясын, әскери, арнаулы оқу орындарын, денсаулық сақтау саласындағы жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарды қоспағанда, білім беру қызметімен айналысуға лицензиясы бар және аккредиттеу органдарының тізіліміне енгізілген, сондай-ақ тіркелген жоғары оқу орындары білім туралы өзіндік үлгідегі құжаттарды береді. Министрлік жоғары оқу орындарының түлектеріне берілетін өзіндік үлгідегі білім туралы құжаттардың мазмұнына қойылатын негізгі талаптарды, білім туралы құжаттардың сериясын бекітті. Өзіндік үлгідегі құжаттардың нөмірлері мен QR кодтарын генерациялау «Білім туралы құжаттардың нөмірлерін генерациялау» арнайы сервисі арқылы жүзеге асырылады.
Генерация «Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы» ақпараттық жүйесінде студенттер туралы мәліметтер негізінде жүзеге асырылады. Арнайы сервис жоғары оқу орындарының өкілдеріне университет жүйесін «Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы» ақпараттық жүйесімен интеграциялау арқылы студент жайында толық мәлімет болған жағдайда ғана білім туралы құжаттардың сериялары мен нөмірлерін жасауға мүмкіндік береді. «Жоғары білім берудің бірыңғай платформасында студент деректері болмаған жағдайда, диплом нөмірін генерациялау мүмкін емес. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын бұқаралық ақпарат құралдарының мониторингін жүргізу қағидаларын және оны есептеу әдістемесін бекіту туралы» Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2019 жылғы 29 сәуірдегі № 84 бұйрығына сәйкес, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ішкі істер министрлігі білім туралы жалған дипломдарды дайындау және өткізу фактілерін анықтау әрі жолын кесу бойынша тұрақты негізде жұмыс атқарып жатыр. Бұл шаралар жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттардың заңсыз айналымын болдырмауға ықпал етеді» деп аталып өткен комитет ақпаратында.