«УАҚЫТ TV» ТЕЛЕАРНАСЫ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ
Шымкент қаласында республика көлемінде хабар тарататын «Уақыт TV» телеарнасы өз жұмысын бастады. Алдағы уақытта көрермендер телеарна өнімдерін «Otau TV» жерсеріктік телерадиохабар тарату желісі арқылы тамашалай алады.
Өткен аптада ұйымдастырылған жаңа арнаның ашылу салтанатына халық қалаулылары, зиялы қауым өкілдері, журналистер және блогерлер қатысты. Шара барысында Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев арнайы құттықтау сөз сөйлеп, арна ұжымына сәттілік тіледі. Сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Алғыс хатын табыстады. Лентасы қиылып, жұмысы басталған арнаның материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жасақталған. Осы орайда, ашылу салтанатынан кейін білікті де тәжірибелі журналистерден құралған ұжым арнаның студияларымен келген көпті таныстырып шықты.
Айта кетейік, патша көңілді көрермен алдағы уақытта «Уақыт TV» телеарнасынан жаңалықтар, ток шоу, түрлі тақырыптағы подкасттар, көңілашар бағдарлама мен сараптамалық жобаларды көре алады. Спорт жаңалықтары да бұрын-соңды ұсынылмаған ерекше форматта эфирге шықпақ. Телеарна тізгіні белгілі журналист Ардақ Жақсылықоваға берілді. Директордың айтуынша, «Уақыт TV» алдағы уақытта бұқараның мәселесіне құлақ асып, шешілуіне атсалысатын халықтық арна болмақ.
Телеарна ұжымы қазіргі уақытта контент түсіруді бастап кеткен. Оның ішінде әлеуметтік желілердегі отандық трендтердің қалыптасуына түрткі болатын, еңбек адамын елге насихаттайтын, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын арнайы жобалар бар. Бұл ғана емес, медиакеңістікке енді ғана еніп отырған ұжымның жоспары көп. Алдағы уақытта арна базасында медиамектептің негізін қалап, жас журналистерді дайындауға да басымдық бермек.
Қош делік, ендеше елдің көкейіндегі түйткілін тап басып, бұқара мен билік арасында алтын көпір қызметін атқаруды басты мақсаты етіп отырған арнаның алдағы жұмыстарына сәттілік тілейміз!
«Уақыт».