ЖАҢА СУ ҚОЙМАЛАРЫ ҚАЙ ОБЛЫСТАРДА САЛЫНАДЫ?

Көктемде еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны болып, әлеуметті әбігерге салғаны белгілі. Сондықтан да бұл мәселенің алдын алу бойынша бірқатар тың бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асырылып келе жатыр. Мәселен, Президент тапсырмасымен 2,5 млрд текше метрге дейін су жинай алатын 20 жаңа су қоймасын салу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.

Бірінші кезеңде Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан мен Жетісу облыстарында су қоймаларын салу жоспарланған. Бүгінде Түркістан облысында Кеңсай-Қосқорған-2 су қоймасы пайдалануға берілді. Бәйдібек ауданында Бәйдібек ата су қоймасының, Төле би ауданында Қарақуыс су қоймасының құрылысы басталды. Жаңа су қоймалары Қазақстанның оңтүстігіндегі құрғақшылықпен күресуге көмектеседі, шаруаларды судың қажетті көлемімен қамтамасыз етуге және еліміздің көрші мемлекеттердің су ресурстарына тәуелділігін 25 пайызға азайтуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, жаңа су қоймаларын қолданысқа беру суармалы жерлердің ауданын 250 мың гектарға дейін ұлғайтуға және 137 мың тұрғыны бар 70 ауылдық елді мекенді су басу қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, елімізде жалпы көлемі 1,9 млрд текше метр болатын қолданыстағы 15 су қоймасын қайта жаңарту жоспарланып отыр. Биыл Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Түркістан облыстары мен Астана қаласындағы алты нысанда реконструкция жұмыстары басталады.