ЕЛІМІЗДЕ ЖҰМЫС БІР САҒАТҚА ЕРТЕ БАСТАЛУЫ МҮМКІН

Елімізде уақыт белдеуінің ауысуына байланысты бірқатар қарсылықтардың болып жатқаны белгілі. Яғни бірқатар өңірлерде таң ерте атып, жұмыс уақыты күн қызған шақта басталып жатыр. Осы орайда, бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге байланысты жұмыс уақыты өзгеруі мүмкін, нақты айтқанда бір сағатқа ерте басталмақ.

Тарқата баяндасақ, Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповаға «Еліміздің бірқатар өңірінде уақыт белдеуінің ауысуына байланысты әлеуметтік желіде жұмыс уақытын бір сағатқа ерте бастауға қатысты ұсыныстар түсіп жатыр. Өйткені қыстыгүні қараңғы ерте түседі. Осы ұсынысқа қалай қарайсыз, Еңбек министрлігінің жоспары қандай?» деген сауал жолдаған болатын.Бұл сұраққа ведомство басшысы «Бізге көп хат келіп жатыр, біз оларға жауап береміз. Жұмыс беруші мен жұмысшының арасында келісімшарт бар, жұмыс кестесін екі жақ бірге жасайды. Сондықтан қараңғыда жұмыс істемеуі үшін, жұмыс берушімен келісіп, жұмыс кестесін қайта қарай алады. Негізі бұл күрделі сұрақ емес» деп жауап берді Светлана Жақыпова.
Сонымен қатар министр жеке және бюджеттік мекемелерге ұсыныс берілгенін айтты. Яғни жұмыс уақытын бір сағатқа ерте бастау бойынша ұсыныс берілген. Еңбек кодексіне байланысты, негізгі шарт екіжақты жасалады.