ШАРДАРА ӨНЕРПАЗДАРЫ ТҮРКІСТАН ТӨРІНДЕ ӨНЕРІН ПАШ ЕТТІ

Түркістан қаласында бірнеше аптадан бері «Өнерлі өлке» фестивалі өтіп жатыр. Бұл фестиваль аясында облысқа қарасты аудандардың мәдениет күндері ұйымдастырылады. Бұған дейін тарихи қалада өткен аудандардың мәдениет күндері турасында тарқата баяндаған едік. Бұл жолы керуен көшін Шардара ауданы жалғастырды.

Шараның бірінші күні Этноауылда «ШардараАрмспорт» клубының тарихы мен ауданнан шыққан үздік спортшылардың жетістіктері, «Сыр шерткен Сырдың қойнауы» Шардара аудандық өлкетану мұражайының көшпелі көрмесі, қолөнер, қылқалам шеберлерінің, дәстүрлі тоқыма бұйымдар көрмесі болып өтті. Ұлттық құндылықтарды ұлықтау ісі де шет қалған жоқ. Нақтырақ айтқанда, жүннен бұйымдар жасау технологиясының және кілем, сырмақ, өрмек тоқу, жүн бояу және киіз басу, текеметке өрнек салу, жүн түту, сабау, шүйке жасау, ұршық иіру тәсілдерінен шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Қала қонақтары мен тұрғындарына қазақтың салт-дәстүрін кеңінен насихаттау мақсатында күні бойы көріністер қойылды. Ұлттық тағамдар көпшілікке ұсынылды. «Дәстүр тағылымы» тақырыбында сал-серілер, жыр, терме, күй, халықтық фольклор өнерінің шеруі және ұлттық дәстүрлер қойылымдары сахналанды. Сонымен қатар «Мерей» фольклорлық ансамблінің «Халық әні – қазынам» концерттік бағдарламасы өтті.
Шара аясында жастардың танымдық қабілетін шыңдауға, интеллектуалды ойлау қабілетін дамытуға бағытталған «Ой мен ойын» сайысы болды. Бұл ғана емес, Этноауылда ұлттық ойындардан жарыстар өтті. «Көше театры шақырады» атты аудан өнерпаздарының әдеби-сазды театралдық қойылымы сахналанады. «Туған жерім Шардара, шаттық мекенім» атты кітап көрмесі жасақталып, «Ақ әжелер» халық ансамблі өнер көрсетті. Сондай-ақ «Керуен Сарай» туристік орталық алаңында «Жайнай бер, шағалалы Шардара» тақырыбымен аудан өнерпаздарының танымал эстрада жұлдыздарымен бірлескен гала-концерті болды.