ТҮРКІСТАНДЫҚ ӨРЕНДЕР ЖҮЛДЕЛІ ЕКІНШІ ОРЫНҒА ИЕ БОЛДЫ
Спорт – елдің атын әлемдік деңгейде шығаруға қауқарлы саланың бірі. Сондықтан елімізде бұл саланы дамыту мақсатында қыруар іс атқарылып жатыр. Оның ішінде Түркістан қаласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Соңғы бірнеше жылда қалада бірқатар спорт нысандары салынды. Білікті бапкерлер де тарихи қалаға жиі табан тірейтін болды. Мұның өзі спортшылардың байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырынан көрінуіне септігін тигізіп келеді.
Мәселен, жуырда ғана түркістандық БЖМОФМ футболдан ҚР чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Алматы облысы Қонаев қаласында жасөспірімдер арасында өткен байрақты бәсекеге 14 жастағы футболшылар қатысқан болатын. Жарыс бәсекеге толы болды десек, артық айтқанымыз емес. Топтық кезеңде түркістандық өрендер Қостанай, Талдықорған, Шымкент және Петропавл командаларын айқын басымдықпен озып, жартылай финалда жамбылдықтарды 0:2 ұпаймен жеңді. Ал ақтық сында Алматы облысы құрамасымен түсіп, тартысты ойын көрсетіп жүлделі екінші орынға жайғасты.
Бұл ғана емес, жарыс барысында айрықша өнерімен көзге түскен футболшылар да бірнеше аталым бойынша марапатқа ие болды. Атап айтсақ, түркістандық Әмірәлі Бектөре «Үздік жартылай қорғаушы» атанса, Аман Рахман «Үздік шабуылшы» атағына лайық деп танылды. Республикалық ауқымды өткен чемпионатта жарқын жетістігімен көзге түсіп, өзгелерден оза шапқан командаға қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев шаһар басшысының құттықтауын жеткізіп, Алғыс хатын табыстады. Сонымен қатар алдағы бастамаларына сәттілік тілеп, жарыстарда оза шабуына тілекші екенін айтты.