ТАРИХИ ҚАЛА ТӨРІНДЕ ПОЭТИКАЛЫҚ КЕШ ӨТТІ

Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы қоғамның сан түрлі саласында оң өзгерістер орын алды. Медицина саласы дамып келеді. Білім саласында да жетістіктер аз емес. Түркістандық спортшылар халықаралық деңгейде өткен байрақты бәсекелерде өзгелерден оза шауып, тарихи шаһардың атын асқақтатуда. Бұл ғана емес, өнер мен мәдениетте де іргелі өзгерістер болып жатыр. Қазіргі уақытта қалада көптеген мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.

Мәселен, жуырда ғана елімізге белгілі ақын, жазушы Ілияс Жансүгіровтің туғанына 130 жыл толуына орай, «Қазақ поэзиясының құлагері» атты поэтикалық марафон өтті. Облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен қолға алынған шараны филология ғылымдарының докторы, профессор, Түркі әлемінің үздік педагогы Сейдулла Садықов ашып берді. Сонымен қатар өз сөзінде тарихи тұлғаның шығармашылығынан сыр шертіп, бірқатар құнды деректермен бөлісті. Бұдан бөлек, бұл шараға тарих ғылымдарының кандидаты, ҚР Білім беру ісінің үздігі Баян Адырбек, ардагер ұстаз, Түркістан қалалық ардагерлер ұйымының мүшесі Сиякүл Мұстапаева, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ түлектер қауымдастығының төрағасы Мәриям Асанова сынды азаматтар қатысып, шараның көркін қыздыра түсті. Маңызы зор марафонға оқу орындары мен мектеп ұстаздары, жас ақындар қонақ ретінде шақырылды.
Поэтикалық марафонда Ілияс Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығынан бейнеролик көрсетілді Сонымен бірге атақты ақын мен оның жары Фатиманың хаттарынан үзінділер ұсынылды. Түркістан қалалық Балалар мен жасөспірімдер орталығының көркем сөз үйірмесінің оқушылары ақын шығармаларынан үзінділер оқып, келген көптің көңілінен шықты. Бұл ғана емес, кітап көрмесі де ұйымдастырылды. Шара барысында белсенділік танытқан оқушылар арнайы алғыс хаттармен марапатталды.