ТҮРКІСТАНДЫҚ ШАХМАТШЫЛАР ОЛЖАМЕН ОРАЛДЫ
Түркістан қаласының аты бұрындары туризм арқылы жиі аталатын. Жасыратыны жоқ, шаһар бүгінде саяхатшылар жиі келетін еліміздегі іргелі қалалардың қатарына енді. Бүгінде Түркістанда қызмет көрсету саласында атқарылып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Дегенмен бұл өзге салалардың дамуы тежеліп қалды дегенді білдірмейді. Қазіргі уақытта тарихи қаланың мерейі спорт саласында да үстем болып келе жатыр.
Сөзіміз дәйекті бола түсуі үшін дәлелдерді алға тартайық. Жуырда түркістандық шахматшылар Әсия Асылхан мен Нұрислам Сұлтанхан кезекті жарыстан жеңіспен оралды. Алматы қаласында өткен Азия чемпионатына көптеген елден шахматшылардың келгені белгілі. Дәл осы бәсі биік бәсекеде түркістандық дүлдүлдердің бабы мен бағы қатар жанып, жүлделі орындарға ие болды. Нақтырағы, Әсия Асылхан шахматтың классика түрінен І, блицтен ІІ орын алса, Нұрислам блиц түрінен жүлделі ІІІ орынды алып қуантты. Бұл екі спортшы да – Түркістан қалалық Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының спортшылары.
Жалпы Алматы қаласында өткен XXVI Азия чемпионаты жоғары бәсекеге толы болды десек, артық айтқанымыз емес. Байрақты сайысқа Қытай, Үндістан, Ресей, Иран сынды 33 мемлекеттен барлығы 650 спортшы қатысты. Бұл жолғы чемпионатта қатысушылар шахматтың рапид, блиц, классика түрлері бойынша бақтарын сынады. Айта кету керек, бұл сайысқа 7-18 жас аралығындағы спортшылар қатысты.