ОРДАБАСЫДА ОҢДЫ ІСТЕР КӨП

БАҚ өкілдеріне өңірдегі өркенді істер көрсетілді

Елдің дамуы үшін өңірлердегі жұмыс серпінді болуы керек. Ал ауданның мерейі тасып, экономикасының өркендеуі әкімдердің іскерлігіне байланысты. Бұл тұрғыдан келгенде, өнеркәсібін өркендетіп, кәсіпкерлік саласын белгілі бір биіктерге жеткізген білікті де тәжірибелі әкімдер баршылық. Жуырда Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған пресс-тур өткен болатын. Атқарылған жұмыс пен қолға алынған бастамалардың нәтижесі таныстырылған аталған жиын барысында көптеген қызық та тың ақпараттарға қанық болдық. Қалың оқырманның жадында болса, Ордабасы ауданының тізгінін былтыр тамыз айында Азат Оралбаев алған болатын. Бұл кадрдың келгеніне небәрі он ай болса да, өнімді істің өрнегін көрсете білді десек, артық айтқанымыз емес. Ендеше салалардағы жұмыс барысын сараптайық…

Ресми статистикалық көрсеткіштерге сүйенсек, биылдың алғашқы 5 айында аудандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 40 млрд теңгені құраған. Енді бұл көрсеткішті жан басына шақсақ, 309 мың теңге шыға келеді. Бұл – халық тығыз қоныстанған әрі ауыл шаруашылығына маманданған Түркістан облысы үшін жақсы көрсеткіш. Ағымдағы жылы аудан бюджетінің көлемі 16,5 млрд теңге болып бекітілген. Оның ішінде өзіндік кірістер 5,4 млрд теңгені құрайды. Бұл дегеніңіз – жалпы бюджеттің 32,7 пайызы. Қош делік, 2024 жылдың басынан бері ауданға 2 млрд 353 млн теңге кіріс кірген. Яғни кірістер жоспары 113,9 пайызға орындалып отыр. Оны тағы да ішінара тарқатсақ, 287,4 млн теңге артығымен түскен. Бұл үрдіс жыл сайын жақсарып келеді. Нәтижесінде аудан бюджетіндегі өзіндік кірістердің көлемі арта түсуде. Соңғы 2 жыл ішінде кірістер үлесі 6,9 пайыздан 32,7 пайызға артқаны – мұның дәлелі.
Жалпы аудандағы жемісті жұмысты инвестиция көлемімен де анықтауға болады. Өйткені өңірге қаржы құю үшін инвестициялық жайлы орта қалыптастыру керек. Салалардағы жұмысты реттеп, қаржы құюға ықпал ететін бастамаларды жандандыру шарт. Бұл тұрғыдан келгенде, Ордабасыда атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға беруге болады. Мәселен, биылдың алғашқы 5 айында аудан экономикасына 10,2 млрд теңгенің инвестициясы тартылған. Өсім 26,4 пайызды құрайды. Оның ішінде өнеркәсіп саласында құны 4,2 млрд теңге болатын 3 ірі жоба ашылды. Нәтижесінде 133 жұмыс орны құрылған. Қарқын сақталады. Жыл соңына дейін тағы 6,9 млрд теңгеге 6 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Межелі уақыт ішінде 354 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл ғана емес, жыл басынан бері ауданда 14,5 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Ал жалпы биылға өнеркәсіп өнімінің көлемін 37,5 млрд теңгеге, өңдеу өнеркәсібінде өндірілетін өнімді 32,6 млрд теңгеге жеткізу сынды ауқымды міндет тұр. Әрине, мұндай биікті бағындыру үшін шағын және орта кәсіпкерлік қанат жайып, белсенді жұмыс істеуі шарт. Қазіргі уақытта аймақта 15 мыңға жуық кәсіпкерлік субъекті жұмыс істеп жатыр. Онда 21 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Бүгінде олар мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібін дөңгелетіп, нәсібін көріп отыр десек, артық айтқанымыз емес.
Ордабасы ауданы турасында сөз кетсе, ауыл шаруашылығы міндетті түрде ойымызға оралады. Өйткені агросала ауданда жоғары қарқынмен дамып келеді. Мәселен, биылдың қаңтары мен мамыры аралығында аталған салада 15,7 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Ал жалпы жыл қорытындысымен көрсеткішті 83,2 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Осылайша 2023 жылмен салыстырғанда өндірілетін өнім көлемін 1,2 есеге арттыру көзделген. Соңғы статистикалық көрсеткіштерге сүйенсек, аудан көлемінде барлығы 71,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Бұл бағытта туындап отырған өзекті мәселе әзірге жоқ. Демек диқандар жақсы өнім алуы бек мүмкін. Мал шаруашылығының дамуы да қарқын алып келеді. Атап айтқанда, биылдың 5 айында бұл бағыт бойынша 14,1 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,9 пайызға көп.
Қош делік, ендеше ауданда жұмысын бастаған кәсіпорындар турасында тарқата баяндайық. Ағымдағы жылдың сәуірінде Бадам елді мекенінде «JNRAY» тігін шеберханасы іске қосылды. Тәулігіне 500 дана өнім шығаруға қауқарлы фабрикада 500-ге жуық жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жалпы құны – 1 млрд 300 млн теңге. Өндіріс алаңы 1,5 гектарды құрайтын фабриканың өнімі толықтай дерлік еліміздің ішкі нарығына жіберіледі. Жалпы «JNRAY Group» тігін фабрикасы 3 кезеңмен іске асырылуда. 2023 жылы құрылысы басталған нысан биыл толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, «Бөрте Милка» ЖШС кәсіпкерлік мекемесінде де ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бұған дейін сүт өңдеу зауытында болған облыс әкімі аталған ұжымның жұмысына оң бағасын берген еді. Сонымен қатар өндірістік қуатын арттыру, экспортқа шығару мәселелері назарда тұруы тиіс екенін жеткізді. Жалпы «Бөрте Милка» сүт тауарлы тауарлы фермасы 3 кезеңмен іске асырылған. 2015 жылы сүт тауарлы ферманың құрылысы басталып, 1-ші, 2-ші сиыр қораларының құрылыстары жүргізілген. Швецияның «ДеЛаваль» компаниясымен ферманың құрал-жабдықтары, сиыр сауатын роботтары орнатылып, 136 бас сүтті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара мал Венгрияның «Хунланд Трейд Кфт» компаниясынан сатып алынған. 2016 жылы 3-ші, 4-ші сиыр қораларының құрылыстары жүргізіліп, толығымен жабдықталып, тағы да ірі қара мал әкелінген. Ал 2017 жылы ІІІ кезең аясында тәулігіне 50 тонна сүт өнімдерін өңдейтін зауыттың құрылысы жүргізіліп іске қосылды. Сүт өңдеу зауытына Италия мемлекетінің «Технолат», «SPX», «FBF» компанияларының құрал-жабдықтары қойылған. 110 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын жетекшісі өндірістік қуаттылығын тәулігіне қосымша 9 тоннаға дейін ұлғайту жобасын іске асырып, «Түркістан» ӘКК» АҚ-ы арқылы 2 млрд 498 млн теңге несие алынып, өндіріс аймағы ұлғаюда. Қосымша 400 бас ірі қара малға қоражай салынып жатыр.
Ордабасы ауданында бірқатар спорттық нысандар да бой көтеріп жатыр. Мәселен, Бадам ауыл округі, Бадам елді мекенінде «Бадам» спорттық сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Нысанның құрылыс жұмыстары «Қаратау ЛТД» ЖШС мердігер мекеме тарапынан атқарылуда. Аталған нысанның құрылысы 2023 жылдың тамыз айында басталған. Спорттық сауықтыру кешенінің іске асырылу мерзімі 2023-2024 жылдарды қамтиды. Қазіргі таңда, ішкі әрлеу, сыртқы әрлеу, отмоска құю жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Кешенді ағымдағы жылдың желтоқсан айында ел игілігіне беру көзделген. Жалпы бүгінде аудан тұрғындарының спортпен тұрақты түрде шұғылдануына ықпал жасау және ұлтаралық қатынасты нығайту мақсатында ауданда 169 спорттық нысандар жұмыс жасайды. 2023 жылы жергілікті бюджет есебінен Қараспан, Мәдениет ауылынан 2 ашық футбол алаңшасының құрылысы басталып, ағымдағы жылдың сәуір айында пайдалануға берілді. Биылғы жылы Көкарал, Көлтоған ауылдарынан жергілікті бюджет есебінен 2 спорт алаңшасы салынып, пайдалануға беріледі. Салынып жатқан спорт нысандарының арқасында ауданның спорт инфрақұрылымы жақсара түспек. Бүгінгі күнге ауданда дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 43,8 пайызға жетті. Жеке инвесторлардың есебінен 2023 жылы 8 спорт нысаны пайдалануға берілсе, 2024 жылы жеке кәсіпкерлер есебінен жалпы 5 спорт нысан салынып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Жүзеге асып жатқан жұмыстар мұнымен шектелмейді. Қараспан ауылдық округі, Берген Исаханов ауылындағы көше қиылысына шаңырақ іспеттес нысанның құрылысы жүргізілуде. Нысанның құрылыс жұмыстары «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС мердігер мекеме тарапынан атқарылуда. Қақпаның құрылысы маусым айында аяқталып, ел игілігіне берілмек. Сондай-ақ ол жерде балаларға арналған ойын алаңшасы, орындықтар мен жарықшамдар орнату жоспарланып отыр. Ордабасы ауданының құрылғанына 60 жыл толуына орай, Темірлан ауылында Қазақстанның халық әртісі, композитор, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың құрметіне «Шәмші аллеясының» құрылысы басталды. Нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «Armada Stroy 2020» ЖШС мердігер мекемесі аллеяны биыл шілде-тамыз айларында қолданысқа бермек. Онда сазгердің ескерткіші, сахна, орындықтар орнатылады. Бұдан бөлек, Темірлан елді мекенінде «Құртай» каналы бойындағы гүлзар, жаңа демалыс аймағының құрылысы жүргізілуде. Ауылдың кіреберісі Арыс және Аббасов көшелерінің қиылысындағы «Құртай» каналы бойындағы гүлзар елді мекеннің ажарын аша түспек. Нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «DosGrupp» ЖШС мердігер мекемесі аллеяны биыл шілде-тамыз айларында қолданысқа береді. Онда балаларға арналған ойын алаңшасы, орындықтар, жарықшамдар орнатылып, спортпен айналысуға барлық жағдай жасалған. Әрине, мұның барлығы – атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы ғана. Оның барлығы арнайы тақырыпқа арқау болады десек, артық айтқанымыз емес.
Қорыта айтқанда, Ордабасыда жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Аудан бүгінде Түркістан облысындағы даму қарқыны жоғары өңірлердің қатарына кіреді. Әрине, жемісті жұмыстың артында аудандық әкімдік пен аймақ басшысының еселі еңбегінің жатқаны белгілі. Ендеше ауданның алдағы жетістіктері көп, ісі оң, тірлігі тындырымды болсын деп тілейік.