ТҮРКІСТАНДЫҚТАР ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕМЕН КҮРЕСУ БОЙЫНША КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ
Бүгінде қоғам арасында түрлі қылмысқа бастайтын кеселді әрекеттер бар. Оның қатарына нашақорлық пен құмар ойындары сынды өзекті мәселелер кіреді. Бұл ғана емес, қаржылық сауаттың да маңызы айрықша. Өйткені бүгінде қаржылық алаяқтар талай адамды сан соқтырып, жиған-тергенін үптеп кетуде. Сондықтан да бұл бағыттарда әлеуметті ақпараттандырудың маңызы айрықша. Ақпаратты саралап, сараптай алатын азаматтар көбейсе, көптеген жат қылық пен жаман әдеттің жолына тосқауыл қоюға болады. Осы орайда, Түркістан облысына қарасты аудандар мен қалаларда бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың қатары қалың.
Мәселен, өткен аптада Түркістан қаласы Ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Түркістан қаласы Бірлік тұрғын алқабында «Қаржы пирамидасы және алаяқтықтың алдын алу», «Құқықбұзушылық, ойынқұмарлық және нашақорлықтың алдын алу» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» бойынша кездесу өтті. Кездесуде жоғарыдағы тақырыптар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, брошюралар таратылды. Профилактикалық іс-шараға «Жастар ресурстық орталығы» КММ-і инспекторы С.Ержанқызы, психолог А.Нарымбетова, Түркістан ҚПБ-ның ЖПҚ УПИ полиция капитаны А.Рысбаев, Е.Баймуратов қатысты. Жиында жоғарыда аталған тақырыптар жөнінде кеңінен ақпараттар берілді. Спикерлер ел ішінде орын алып жатқан түрлі оқиғаларды мысал ретінде келтіре отырып, салдарын түсіндірді. Оның ішінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері құмар ойынның салдарынан орын алып жатқан қылмыстар турасында тарқата баяндады. Айтуларынша, қазіргі уақытта туысы мен жақынының, қала берді танысының сеніміне кіріп, ақшаны көбейтіп беру ұсынысымен жиғанын үптеп кететіндер саны артып келеді. Сондықтан өзгеге қарыз берерде абай болу керек.
Талқылау қорытындысы бойынша спикерлер лудоманияның алдын алу бойынша бірқатар шараларды енгізу, әсіресе жастар арасында ойынға тәуелділікпен күрес жөніндегі ақпараттық-идеологиялық шараларды күшейту, сонымен қатар елдегі лудоманияның дамуына жол бермеуге ықпал ететін әлеуметтік көзқарастарды қалыптастыруға азаматтық қоғам, діни қызметкерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тарту бойынша бірқатар ұсыныс енгізді.