ШЕТЕЛДІК ДӘРІГЕР АУДАНДЫҚ АУРУХАНАДА ТӘЖІРИБЕСІМЕН БӨЛІСТІ

Соңғы жылдары Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Бұл өңірдің халқы тығыз қоныстанғанын ескерсек, медициналық қызметтің сапалы әрі қолжетімді болуы – басты қажеттілік. Сол себепті облыс аумағында жүйелі реформалар жүргізіліп, жаңа емханалар мен ауруханалар бой көтеріп, заманауи жабдықтармен қамтылуда. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде шалғай ауылдарға жылжымалы медициналық кешендер жіберіліп, ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмек көрсету жұмысы күшейтілді.

Сонымен қатар ана мен бала денсаулығына ерекше назар аударылып, перзентханалар мен балалар бөлімдері жаңғыртылып жатыр. Цифрландыру үрдісі де медицинаның қолжетімділігін арттыра түсті. Электронды кезек, онлайн кеңес беру, цифрлы денсаулық паспорттары – бүгінде түркістандық тұрғындардың күнделікті өміріне енген қызметтерге айналды. Білікті мамандар тапшылығын жою мақсатында жас дәрігерлерге арналған тұрғын үймен қамту, қосымша оқу курстары мен кәсіби қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Бұл – облыстағы медицина сапасының тұрақты өсіп келе жатқанын білдіреді. Бұл ғана емес, тәжірибе алмасу ісі де жолға қойылған. Осы орайда, Санкт-Петербург қаласындағы көпсалалы медициналық орталықтың жоғары санатты, эндоваскулярлық кардиохирург дәрігері Токарев Павел Александрович және Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының нейрохирург дәрігері Өтенов Нұрхан Жанатұлы өз тәжірибесімен бөлісті. Ордабасы аудандық орталық ауруханасына жақында ғана «Allia IGS 3» стационарлық ангиограф медициналық құралы орнатылып, жоспарлы түрде екі күн көлемінде мастер класс аясында 8 науқасқа ота жасалды. Оның ішінде 4 науқасқа коронарографиялық ота және 1 коронарлық артерияларды стенттеу, 3 селективті церебральды ангиография отасы жасалды.
Бүгінде озық үлгідегі жабдықтарға Ордабасы ауданының тұрғандары ғана емес, көрші аудандардың тұрғындары да медициналық көмекке жүгіне алады. Нақтырақ атап өтсек, Бәйдібек, Арыс ауданының тұрғындары жоспарлы және шұғыл түрде коронарографиялық ота және коронарлық артерияларды стенттеу, селективті церебральды ангиография ота түрлері бойынша Ордабасыда емделеді. Басты мақсат — заманауи көпсалалы орталық ауданаралық ауруханалар желісін ұйымдастыру. Бұл ауыл тұрғындарына жедел және мамандандырылған медициналық көмекті дер кезінде көрсетуге мүмкіндік береді.