«БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ» ТАҚЫРЫБЫМЕН СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТТІ

Қазақ халқы қыз баласын айрықша құрметтеп, төрден орын берген. «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, руыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деген аталы сөздің өзі көп нәрседен хабар береді. Десе де уақыт бір орында тұрмайды. Бүгінде қоғамда сан түрлі мәселе бар. Қарапайым қазақ қыздары зорлық-зомбылыққа ұшырап, кемсітуге түсіп жатады. Бұдан бөлек, әлеумет арасында кеңінен етек жайған нашақорлық, ащы суға әуестік пен құмар ойынның салдарынан отбасынан безген, қоғамнан бөлектенген, психологиясына ауқымды зардап келген кейбір ер азаматтар жарына қысым көрсетіп, таяқтың астына алып жатқан жағдайлар да ара-тұра кездесіп қалады. Сондықтан кеселді дүниелердің алдын алып, қоғамда қыз баласына деген құрметті арттырудың маңызы да, міндеті де зор. Сәйкесінше, бұл бағытта Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстардың қатары қалың десек, артық айтқанымыз емес.

Мәселен, жуырда Түркістан қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі және «Бақытты әйел» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Бақытты әйел» семинар-тренингі өтті. Іс-шараға психолог, заңгер, тәрбие және отбасы ісі жөніндегі мамандармен бірге Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Б.Өтеген қатысты. Кездесу барысында теолог маман «Жалпылама ер адам болсын, әйел адам болсын, бұл қоғамнан өзінің жеке дара маңызды орнын иемдене алады. Кез келген тұлғаның өз қоғамынан алатын белгілі бір орны болады. Асыл дініміз Исламда ер мен әйелдің мәртебесі жоғары. Ислам әлемінде әйелді аса жоғары бағалайды. Ер азамат үйдің егесі болса, әйел — үйдің шегесі. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Қазіргі таңда әйел бейнесінің қыры көп. Нәзік қалпымен бір қолымен бесік, бір қолымен әлем тербетуге қауқарлы. Үйдің де, түздің де жұмысын ерлермен иық тіресе атқарып келеді. Дегенмен мұның бәрі әйелді бақытқа бөлемейді. Бұрымдыларға ерінің махаббаты, қолдауы, тіреу болуы ауадай қажет» деп атап өтті. Елімізде жыл сайын талай әйел таяқтың астында қалып, тіпті кейбірі қаза табады. Кикілжіңнің басты себептері отбасылық құндылықтың өзгеруі, тұрмыстың төмендігі, опасыздық, ойынқұмарлық, әлеуметтік желідегі әсем өмірге еліктеуден туады екен. Дегенмен бұдан бұлай әйелдерге қол көтеру қылмыс саналады. Өйткені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заңға қол қойды. Семинар-тренинг аясында әйел және отбасы бақыты жайында қысқа метражды фильм көрсетіліп, «Бақытты әйелдің бағдаршамы» атты кітап таратылды. Басқосу барысында жоғарыда аталған тақырыптар төңірегінде ой қозғалып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Сондай-ақ жиналысқа қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауаптар алды.
Жиын барысында қоғамда кең етек жайған лудомания немесе ойынқұмарлықтың зардаптары турасында да нәзік жандыларға кеңінен ақпарат берілді. Яғни қарапайым күнделікті өмірде ер азаматтың бойынан әлдебір өзгерістерді аңғарса, бұған бей-жай қарауға болмайтыны сөз болды. Спикерлердің айтуынша, лудомания әлемдік деңгейде аурулардың қатарына енген. Яғни адамды психологиялық тұрғыда тәуелді етіп, бір сәттік эмоция үшін бәрін беруге даяр ететін қауіпті індет десек, артық айтқанымыз емес. Бүгінде бұл жат қылық, жаман әдетке үйір болғандардың саны әлемде миллиондап саналады. Сәйкесінше, психологиялық тұрғыда тәуелді болып, тұлғалық дамуы тежелген адамдар ауыр қылмысқа баруы да ықтимал. Сондықтан ойынқұмарлыққа бей-жай қарауға, қалыпты құбылыс санауға болмайды. Әсіресе, отбасында ер азаматтың ашушаң болып, айналасымен байланысы үзіле бастаса, дабыл қаға беруге болады. Бұдан бөлек, лудомандарды емдеп жазуға да көп уақыт қажет. «Бәрі бітті», «енді қоямын», «түсіндім» деп уақытша алдауы ықтимал екенін де ұмытпау керек. Құмар ойынның құрығына түскендер өзінің «ауру» екенін мойындап, тиісті сала мамандарымен кешенді жұмыс жүргізуі керек. Ойынқұмарлыққа қарсы медикаментозды немесе екпе арқылы ем жүргізу мүмкін емес. Ондай тәсіл әзірге жоқ. Тек бір жолы бар – психикалық түзеу. Бұл өте ұзақ процесс. Бірнеше айдан, бір жылға дейін созылуы мүмкін. Қалыпқа келтіру үшін мықты мамандардан құралған команда жұмылып, жұмыс істейді. Отбасы мүшелеріне де мамандардың көмегі қажет болуы мүмкін. Ең әуелі бұл проблеманы терең зерттеп алуы қажет. Көп жағдайда олар алдын алумен емес, артын жабумен айналысады. Қарызын өтеп береді. Бұл әрекетімен олар керісінше, ойынқұмарды осы іске итермелеп жатады. Міне, семинар барысында нәзік жандыларға осы және өзге де маңызды ақпараттар айтылды.
Айта кетейік, Қазақстанда лудомандармен жұмыс істейтін арнайы орталықтар бар. Мәселен, Алматыда Денсаулық сақтау министрлігіне қарайтын республикалық психикалық ғылыми практикалық орталық бар. Ол ресми түрде түрлі деңгейдегі психологиялық дертке жататын ауруларды зерттейді. Себебін анықтайды, салдарын біледі, емдеудің жолдарын қалыптастырады. Өкінішке қарай, дәл сол орталықтың директоры елімізде лудомандар дертінің нақты салдары және оның емдеу концепциясы бекітілмегенін айтты. Дегенмен лудомандарды емдеп жазуды көздейтін өзге де жекеменшік мекемелер бар. Әйтсе де баға өте жоғары. Нақтырағы, емдеу орталықтарының қызмет құны бір адамға 500 мың, 1 млн теңге дейді. Бірақ ол бергі жағы ғана. Шын мәнінде 2-3 млн теңгеге дейін бір адамды емдейді. Демек мәселенің салдарымен емес, себебімен күрестің тиімділігі жоғары болмақ. Жалпы Ұлттық статистика бюросының мәліметіне жүгінсек, құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу бойынша көрсетілген қызметтердің көлемі 2020 жылы 89,7 млрд теңгені құраған болса, 2021 жылы 501,2 млрд теңгеге жеткен, ал 2022 жылы 600 млрд теңгеден асып түскен. Бұл сома еліміздегі бірқатар облыстың жылдық бюджетінен әлдеқайда көп. Осыған байланысты көптеген шетелдік зерттеушілер құмар ойындарды халықтың бір бөлігі үшін қауіп-қатер төндіретін түйінді әлеуметтік мәселе деп санайды. Қарап отырсақ, дәл осы кеселді дүние отбасылық зорлық-зомбылыққа да себепші болып отыр. Сол себепті де ұйымдастырылған іс-шара барысында кез келген қысым мен зорлық-зомбылыққа себеп болатын жағдайларға бей-жай қарауға болмайтыны, дер кезінде шара көріп, айналасына хабарлап, көмек сұрау қажет екені айтылды.