ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК САЛАСЫНДА ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТҚАН ЖҰМЫС КӨП

Шымкент қаласының халқы жылдан жылға артып келе жатыр. Бұл үрдіс қаладағы инженерлік инфрақұрылымға ауқымды салмақ салуда. Сондықтан аталған бағытта көптеген іс-шаралар атқарылып келеді. Әсіресе, жол құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Қоғамдық көлік қатынасы да дами түсуде. Дегенмен өзекті түйіндер де жоқ емес. Әйткенмен оны шешу мақсатында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды жоққа шығара алмасымыз анық. Осы және өзге де бағыттағы жұмыстар жайын баяндау мақсатында Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов баспасөз брифингін өткізді.

Басқарма басшысының сөзінше, қаламыздағы қоғамдық көлік саласына 2024 жылдың басынан бері бірқатар өзгерістер енгізілді. 2020 жылы қалалық мәслихатпен жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы бекітілген. Схемаға сәйкес, 77 маршрутты құрайтын жаңа маршруттық желі әзірленді. Маршруттық желісімен 6 ХАБ, 33 жеткізуші, 39 магистралды және 6 айналма маршруттары қаралған. Бүгінгі танда оның 640-ы газ метанмен, 464-і дизельмен және 36-сы бензинмен жүреді. Қала аумағындағы шет аймақтарда орналасқан барлық шағынаудандар мен тұрғын алаптар қоғамдық көлікпен толықтай қамтылған. Қазіргі уақытта күнделікті 916 автобус және 11 тасымалдаушы компания жолаушыларды тасымалдау қызметін көрсетеді. 2024 жылғы 5 айда тасымалданған жолаушы саны – 36 738 679 адамды құрайды. Сонымен қатар жалпы автобустар саны резервпен қоса – 1140 дана болып отыр. Биыл Шымкент қаласында 229 қоғамдық көлікті жаңарту жоспарлануда. Жалпы бүгінде қаладағы 1142 автобустың 95 пайызға жуығы соңғы 5 жылда алынған. Қоғамдық көліктер жыл сайын кезең-кезеңімен жаңартылып жатқанын да айта кету керек.
Саладағы өзгерістер мұнымен шектелмейді. 2024 жылдың 10 мамырдан бастап қалада валидаторлар төлем қабылдауды бастады. Аталған жүйе әдеттегідей көлік картамен, Avtobys мобильді қосымшасы арқылы, Bluetooth, NFC, QR кодтары және контактісіз банк карталары арқылы төлемдерді қабылдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қосымша мектеп оқушылары, студенттер, зейнеткерлер және басқа санаттар үшін көлік карталарын сатып алмай-ақ, жеңілдетілген тарифтерді пайдалануға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда қоғамдық көліктерде аялдаманы дыбыстағыш құрылғымен қамту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бүгінде бұл құрылғы №12, №27, №35, №74, №84 бағыттағы жолаушылар көлігінде жалпы саны 110 автобуста орнатылған. Ал жыл соңына дейін тағы 500 көлікте аялдамалар дыбыс құралымен хабарланады деп жоспарланып отыр. Айта кетейік, қоғамдық көлік жүргізушілеріне бірыңғай киім үлгісінің дизайн бекітіліп, тасымалдаушы компанияларға қамтамасыз ету міндеттелген.