ЖАҢА НЫСАН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Шымкентте тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру бағытында қыруар іс атқарылып келеді. Күні бүгінге дейін көптеген әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Бұл ғана емес, қалада тұрғындардың серуендеуіне арналған бірқатар демалыс орындарының құрылысы қарқынды жүргізіліп келе жатыр. Бұл, өз кезегінде, қалаға келетін қонақтар мен шымкенттіктердің сүйікті орнына айналуда. Қалың оқырманның жадында болса, бұған дейін шаһардың кеңеюіне орай, Тұран ауданы құрылған болатын.
Сәйкесінше, жаңа аудан қаланың шеткері аймағында орналасқандықтан, бірқатар әлеуметтік нысандар болмады. Ол қатарда халыққа қызмет көрсету орталығы да бар. Сол себепті де бұған дейін Тұран ауданының тұрғындары мемлекеттік қызметтерді алу үшін басқа аудандардың орталықтарына жүгінген болса, енді азаматтарға жаңа цифрлық ХҚКО қызмет көрсете бастады. Бұл – мегаполистегі халыққа қызмет көрсететін сегізінші орталық. Тұрғындар мұнда 1200-ден астам мемлекеттік қызмет ала алады. Ауданның құрылуына байланысты жаңа ХҚКО ашу қажеттілігі туындағаны белгілі. Осы мақсатта ашылған цифрлық кеңсе заманауи құрылғылармен жабдықталған және мемлекеттік қызметтерді тез әрі ыңғайлы алу үшін аймақтарға бөлінген. Ғимаратта ресепшн, дайын құжаттарды беру, жылдам қызмет көрсету аймағы, өзіне өзі қызмет көрсету, eOtinish арқылы өтініш беруге арналған орын және басқа да аймақтар бар.
Жаңа мекеме бөлімдердегі жұмыс көлемін азайтып, қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа орталықта 32 маман жұмыс істейді. Тұран аудандық ХҚКО Мәделі қожа көшесі, 1 «Г» мекенжайында орналасқан. Жұмыс кестесі – дүйсенбі-жұма күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін және үзіліссіз қызмет көрсетеді.