МАҚТААРАЛДА ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫ АРТТЫРУ КУРСТАРЫНЫҢ ИГІЛІГІН КӨРГЕНДЕР КӨП

Лудоманияның дендеуінің бір себебі – халықтың қаржылық сауатының аздығына байланысты. Тапқан-таянғанын тиімді жұмсай алмайтындар оңай олжаға қарық болғысы келіп, бәске ақша тігіп жатады. Бастапқыда бір-екі рет пайдаға кенелгеннен кейін бұл үрдісті жалғастырады. Уақыт өте келе құмар ойынның құрығына ілігіп, тәуелді болып қалады. Мұндай адамдар бәс тігу үшін айналасынан қарыз алуды әдетке айналдырады. Жақын мен жаттың сенімінен шыққаннан кейін түрлі ұсақ бұзақылықтар жасап, қылмысқа барады. Сондықтан да мұндай теріс әдеттермен күресуде қаржылық сауатты арттырудың маңызы айрықша. Бұған дейін мемлекет басшысы «AMANAT» партиясының бастамасымен қолға алынған «Қарызсыз қоғам» жобасының маңызын атап айтқан болатын.

Нақтырағы мемлекет басшысы өз сөзінде жобаның тиімділігін айта келе «Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «AMANAT» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет» деген еді. Сәйкесінше, аталған тапсырма негізінде қолға алынып жатқан шаралардың қатары қалың. Биыл еліміздің барлық 17 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қалада жоспар жүргізіліп жатыр. Ол қатарда Түркістан облысы да бар. «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржы сарапшысы Әйгерім Әміралиеваның сөзінше, жоба аясында 2024 жылы 5 ақпан мен 24 мамыр аралығында қаржылық сауаттылық курстарын Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы бойынша 848 адам аяқтап, сертификатқа ие болды. Нәтижесінде жоспар 106 пайызға орындалып отыр. Оны оқыған әйелдер саны – 51%, ерлер – 49%. 848 адамның 82 пайызы 4 және одан да көп бала тәрбиелеп отырған көп балалы отбасылар болса, жас құрамының салыстырмалы талдауын жүргізгенде негізгі категория 18-49 жас аралығындағы азаматтар болып шыққан.
Қаржы сарапшысы «Жоба қатысушыларға оң әсерін тигізді, өйткені қазір Қазақстанда қаржылық сауаттылық бойынша «Қарызсыз қоғам» курсының баламасы жоқ. Жоба қатысушылары сабақтарға белсенді қатысты. Курс барысында қаржы мамандары тренингтен басқа, «Қарызсыз қоғам» жобасының қатысушыларына enbek.kz порталында тіркелу және жеке кәсіпкерді ашудан бастап, өтініш беру бойынша кеңеске дейінгі кең ауқымды мәселелер бойынша кеңестер берді, соттан тыс банкроттық және қарызды өтеу кестелерін жасау тәсілдері үйретілді. Қатысушылар оқу процесінде заңгерлердің көмегін де пайдалана алды. Заңгерлер өтініш берген кезде әрбір қарыз алушының несие тарихын жеке зерттеп, борыштық жүктемені жеңілдету бойынша практикалық кеңестер берді, сондай-ақ шот ашудан банкроттық туралы арыз беруге дейін қолдау көрсетті» дейді.
Ағымдағы жылдың 5 ақпаннан басталған оқыту кезең-кезеңімен 24 мамырға дейін, ауылдық округтер мен аудан орталығында Мырзакент, Атакент кенттерінде өтті. Өңірлердегі тұрғындардың көпшілігінің облыс немесе аудан орталықтарына келуге мүмкіндігі болмағандықтан, қаржы мамандары барып семинар-тренингтер өткізді. Талдау да жасалды. Оған сәйкес, курсқа қатысқандардың басым бөлігінде немесе 89 пайызында несие бар болып шыққан. Ішінара тарқатсақ, 251 адамда немесе жалпы көрсеткіштің 30 пайызында 1, 296 адамда немесе қатысушылардың 35 пайызында 2, 185 адамда немесе қатысушылардың 22 пайызында 3 және одан да көп несие бар. Төлем мерзімі 90 күннен астам кешіктірілген несиесі бар қатысушылардың көрсеткіші 6 пайызды құрайды. Бұл ғана емес, курс қатысушыларының басым көпшілігінің кірістер мен шығыстардың тұрақты есебін жүргізбейтіні, отбасылық және жеке бюджеттерді жоспарламайтыны, қаржылық жоспарының жоғы, салымның пайдасын білмейтіні, негізгі қарыз сомасын, артық төлем сомасын және оның несиелері бойынша сыйақы мөлшерлемесін білмейтіні, тапқанынан көп жұмсайтыны анықталған. Мұның барлығы ауыл тұрғындарының қаржылық сауаттылығының төмендігін көрсетеді.
Нәтижесінде жоба аясында Мақтаарал ауданында мынадай жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, қатысушыларға кәсіпкерлік саламен айналысу бойынша кеңестер берілді. Саладағы мемлекеттік қолдаулар жайы түсіндірілді. Нәтижесінде кеңес беру және бизнес-жоспар әзірлеу бойынша көмекке жүгінгендердің саны жалпы қызметтердің 8 пайыздан астамын құрады. Жалпы «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржылық сауатты арттыру курстары әрбір қатысушыға өз қаражатын талдауға, жинақтарды жинауды үйренуге және мемлекеттік қолдауды пайдалануға мүмкіндік берді. Ал қаржылық сауаты жоғары тұрғындар оңай олжа қамымен құмар ойынға құмартып, бәске ақша тігуді доғарады. Сондықтан мұндай шаралардың қоғам үшін маңызы зор болмақ.