БІТІРУШІЛЕРМЕН ӨТКЕН ЖИНАЛЫСТА МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Биыл мыңдаған жас түлек алтын ұя мектебін бітіріп, үлкен өмірдің табалдырығынан аттады. Олар енді мемлекеттік грантпен оқуға түсіп, белгілі бір мамандықты игеруге кіріседі. Осы тұста мектептің барша оқушылардың жан-жақты, білімді, бәсекеге қабілетті болуына ықпал ететінін ұмытпауымыз керек. Бұл ғана емес, білім ордалары тәрбие ісінің де түзу болуына жауапты болмақ. Сондықтан да мектепті бітірген түлектердің алдағы уақыттағы бағыт-бағдары, тәлім-тәрбиесі түзу болуы үшін түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз.

Жуырда Арыс қаласы білім бөліміне қарасты «Монтайтас жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде бітіруші түлектермен арнайы кездесу өткізілді. Онда Түркістан облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Ж.Нұрпейісовтің 2024 жылғы 06 маусымдағы 25/3473 санды хатына сәйкес, «Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беру ұйымдарының түлектері үшін «Білімім-Отаныма» іс-шаралар өткізу туралы тұжырымдамасын» басшылыққа ала отырып, түлектерге аттестатты салтанатты тапсыру рәсімі бірыңғай 14 маусым күні білім беру базасында ұйымдастырылатыны айтылды. Сондай-ақ аттестат тапсыру кезінде және аттестат тапсырғаннан кейін балалардың өмір қауіпсіздігін алдын ала қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, қала сыртына, өзен жағасына, су қоймасына, табиғат аясына саяхат жасауға немесе қала орталығындағы көшелерде жолаушылар тасымалдау көлігін жалдап серуендеуге, шеруге шығуға, темір жол жағалауларына топтала баруға тыйым салынатыны туралы ата-аналар мен оқушыларға түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар ата-аналарға алдағы уақытта балалардың қауіпсіздігіне баса назар аудару керегін ескертті. Әсіресе, жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға аса мән беру қажет екенін алға тартты. Жиын барысында қаузалған тақырыптардың қатарында нашақорлық, шылым шегу, ащы суға әуестік және құмар ойын тақырыптары да сөз болды. Ұстаздар мұндай кеселді әрекеттен сақтану керегін айтып, ата-аналарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді.