ЖАСТАРДЫҢ БАСТАМАСЫМЕН ЕРКІН ФОРМАТТА ЖИНАЛЫС ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Түркістан облысына қарасты Мақтаарал ауданы ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің және Мақтаарал аграрлық колледжінің ұйымдастыруымен «Ел ертеңі бүгіннен басталады» тақырыбында TedX форматындағы кездесу өткізілді. Ерекшелігі сол — қасаң қағида ұстанған конференция, форум емес, еркін форматтағы кездесу. Спикерлер еркін пікір алмасып, ашық алаңда ешбір регламентсіз сөз сөйлей алады. Тіпті, осы еркін форматта туындаған мәселенің де шешімі табылып жатады.
Өткізілген іс-шараның негізгі басты мақсаты – жастарға тәлім-тәрбиедегі жаңашылдықтарды саралап, құндылықтарды бойына сіңірген жас буынды қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға өскелең ұрпақты кеңінен тарту, жастардың бойындағы парасаттылықты арттыру жөніндегі ұсыныстары мен идеяларын тыңдау, өзін-өзі жетілдіру арқылы еңбек етуге деген сүйіспеншілікті насихаттау, сонымен қатар қоғамдық кеселге айналған темекі шегу, арақ ішу, құмар ойынға құмарту сияқты кеселді мәселелерден аулақ болуға шақыру. Аталған кездесуге аудан кәсіпкерлері Н.Омарова, Р.Шаранбетова, Жастар ресурстық орталығы директоры Н.Ошантаев және Жастар ресурстық орталығының округ инспекторы Е.Жасұзақов қатысты.
Кездесу барысында қонақтар жастармен ашық түрде әңгіме өрбітіп, жастарды толғандыратын тақырыптар төңірегінде пікір алмасты. Сонымен қатар жоғарыда аталған мәселелер төңірегінде көкейде жүрген сұрақтарға жауап берді. Жастармен жаңа идеяларды талқылап, алдағы уақытта өткізілетін іс-шаралармен танысты.
Жалпы мұндай еркін форматта өтетін шаралар жастар арасында кеңінен ұйымдастырылып келеді. Бұл кеңседе немесе өзге де кабинеттерде отырып, қасаң тәртіппен өтетін жиналыстардан ерекшеленеді. Сондықтан болар, мұндай бастамалар жастар тарапынан кең қолдау тауып келеді.