ҚАЛА ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖЕКЕ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ҚАБЫЛДАДЫ

Ұлттық құрылыстың қазіргі кезеңінде Қазақстан Республикасы қарқынды саяси өзгерістер кезеңін бастан кешіп жатыр. Саяси модернизацияның тұжырымдамалық фрейміне «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» моделі арқау болды. Бұл – үкіметтің азаматтармен өзара әрекеттесу, оларды толғандыратын мәселелер мен қажеттіліктерін түсіну бойынша белсенді күш-жігеріне баса назар аударатын мемлекеттік саясат тұжырымдамасы. Осы орайда, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған тұжырымдама негізінде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.

Мәселен, өткен аптада Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков алдын-ала жазылған азаматтарды қабылдап, өтініштері мен ұсыныстарын қарастырды. Тұрғындар баспана алу, жұмысқа орналасу, жер телімдерін беру және заңдастыру, инфрақұрылым мен жолдардың сапасын жақсартуға қатысты мәселелерді көтерді. Жауаптылар барлық өтініштер бойынша егжей-тегжейлі түсіндірме берді. Әкім орынбасарлары, аудан әкімдері мен басқарма басшылары 170 тұрғынның арыз-шағымын тыңдап, тиісті шешімдер қабылдады. Азаматтарды қабылдау мәселелерді шешуге ғана емес, сонымен қатар халықтың ең күрделі проблемаларын анықтауға да мүмкіндік беруде. Қосымша уақытты қажет ететін сұрақтар қала басшысының жеке бақылауына алынды. Әрбір мәселе жіті бақылауда болатынын және заң шеңберінде шешілетінін жеткізген Ғабит Сыздықбеков аудан әкімдері мен сала басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.
Айта кетейік, Шымкент қаласында тұрғындарды толғандырған мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келе жатыр. Бұдан бөлек, шаһар басшысы қалаға қарасты шағынаудандар мен елді мекендерге арнайы барып, тұрғындардың түйткілді түйіндеріне құлақ асуда. Көтерілген мәселелерді шешу бағытында да бірқатар бастамалар қолға алынған.