ШЫМКЕНТТЕ АЛҒАШ РЕТ НЕЙРОХИРУРГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Шымкентте медицина саласының дамуына айрықша көңіл бөлініп отыр. Осының арқасында өңірдегі бірқатар медициналық нысандардағы жұмыс сапасы артты. Жаңа тәжірибелер қолға алынып жатыр. Жуырда еліміздің өзге өңірлерінен келген делегация үшінші мегаполистегі медициналық қызметтің сапасын жоғары бағалап, тәжірибелерін өз өңірлерінде енгізетінін айтқан еді. Бұл – шаһардағы атқарылған жұмыстарға берілген жоғары баға. Осы орайда, бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасып жатқанын айрықша айта кеткеніміз жөн.

Мәселен, жуырда Шымкентте ауыр нейрохирургиялық дертке шалдыққан науқастарға стационарлық көмек көрсетуге бағытталған медициналық орталық №2 қалалық аурухана базасында іске қосылды. Осыған дейін пациенттер тиісті қызметтерді алу үшін еліміздің өзге аймақтарына, қаладағы медициналық ұйымдарға барып, уақыт оздырып келген болатын. Енді бас-ми жарақаты бар, түрлі ауыр дертке шалдыққан нейрохирургиялық көмекті қажет ететін науқастар осында тәулік бойы жедел түрде қабылданады. Қазір мұнда оқу орталығы ашылып, резиденттер, отандық және шет елдердің нейрохирургтері оқытылуда. Жаңа орталықты медицина ғылымдарының докторы, еліміздің білікті нейрохирургы Еркін Жұмағұлұлы Медетов басқарады.
Айта кетейік, жыл басынан бері №2 аурухана базасында 150 нейрохирургиялық операция жүзеге асырылды. Күрделі оталар Өзбекстан, Тәжікстан, Молдова, Швейцария елдерінен келген науқастарға да жасалған. Мұның өзі үшінші мегаполис медицинасының әлемдік деңгейде танылып жатқанын айғақтайды десек, артық айтқанымыз емес.