ОНЛАЙН НЕСИЕ ОПЫҚ ЖЕГІЗЕДІ
90-ға жуық микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылды
Бүгінде елімізде несиені төлеу мерзімін кешіктірген мыңдаған азамат бар. Айлығы шайлығына жетпейтін жандардың жанайқайын талай рет естіп те келеміз.
Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта кей азаматтарға банк несие бермегенімен, микроқаржы ұйымдары пайыздық мөлшерлемесі жоғары кредиттерді ұсынып жатады. Оны қажет кезде алып, мерзімі келгенде төлей алмаған талай тұрғын несие тарихын бүлдіріп, қала берді, берешегін қайтара алмай жатқандардың қатарына қалай кіріп кеткенін білмей де қалып жатыр. Осындайда микроқаржы ұйымдарының қызметі тексеріле ме деген заңды сауалдың санамыздан сығалайтыны белгілі.
Жуырда ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген болатын. Сала маманы міне сонда біраз мәселенің басын ашты. Айтуынша, былтыр микрокредит беретін ұйымдарға 155 млн теңге сомасына айыппұл салынған. Қала берді, агенттік микрокредит беру субъектілерінің қызметін тұрақты түрде тексереді. Мәселен, 2023 жылы 370 тексеру жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша 198 қадағалау шарасы қабылданып отыр. Бір қызығы, микроқаржы ұйымдары тарапынан талапқа томпақ келетін әрекеттер анықталған. Ашып айтсақ, 60 күн қарыз төленбесе де микрокредиттер беру, есептеу талаптарын бұзу, кредиттік бюроға ақпаратты уақытылы ұсынбау және сыйақының шекті мөлшерлемесінен асып кету сынды заңсыздықтар белгілі болып отыр.
Нәтижесінде қадағалау қызметінің қорытындысы бойынша 88 микрокредит беру субъектісі, оның ішінде 16-сы мәжбүрлі түрде лицензиясынан айырылып отыр. Қош делік, халықтың мойнындағы берешектің артуына тікелей себепші болып отырған мұндай ұйымдармен күресті күшейту қажет-ақ. Әйтпегенде әлеуметті кредиттің құрығынан құтқару қиындай бермек…
С.НҰРАЙ.