ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КӨМІР ҚОРЫ 300 ЖЫЛҒА ЖЕТЕДІ

өндіріс қуатын арттыруға кедергі болатын себептер қандай?

Қазақстан – пайдалы қазбаларға бай ел. Кейбірінің қоры жөнінен әлемдегі алғашқы бестікке кірсе, енді бірін өндіруден жаһанда көшбасшы болып отыр. Біз сөз етіп отырған пайдалы қазбалардың қатарына көмір де кіреді. Жалпы бұл отын түрін өндіру қарқыны қандай? Қоры қанша уақытқа жетеді? Жуырда Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков Астанада өткен көмір өндірушілер форумында осы сауалдарға жауап берді.

Оның сөзінше, қазіргі таңда көмір саласы елдегі электр қуаты өндірісінің 70 пайызын, кокс-химия өндірісінің 100 пайызын, коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықтың отынға деген қажеттілігін толық қамтамасыз етіп отыр. Салада 32 мыңдай адам жұмыспен қамтылған. Қазақстанның көмір қоры жеткілікті және қазіргі өндіріс қуаты сақталса, әлі 300 жыл көмір өндіруге болады. Бұл ғана емес, өндіріс көлемі бойынша әлемдегі 10 алдыңғы қатарлі елдің тобына кіріп отырмыз. Вице-министр саланың алдында жасыл энергетикаға деген басымдық, логистика және баға құбылмалылығы сияқты проблемалар тұрғанын атап өтті. Нақтырағы «Бұл проблемалардың салдарынан көмір өндіру көлемі төмендеп келеді. 2023 жылы бұл көрсеткіш 113 млн тонна болды. Яғни 2022 жылғы көрсеткіштен 1 млн тоннадай аз. Ал биылғы қаңтар-сәуір аралығындағы өндіріс көлемі 35 млн тонна болды. Бұл 2022 жылдың 4 айындағы көрсеткіштен 2,7 млн тонна аз» деді ол.
Сонымен қатар ол аталған проблемаларды еңсеру үшін Еуропа мен Азияның жетекші елдеріндегі тәжірибені негізге алып, «таза көмір» технологиясына ден қою керектігін алға тартты. Сөзіне сенсек, көмір химиясы өндіріс көлемін қазіргі деңгейде сақтап қалуға ғана емес, арттыра түсуге мүмкіндік беретін айтарлықтай жақсы сала болып есептеледі. Соның арқасында өңдеу өнеркәсібінің дамуына да үлес қосуға болады. Қытай Халық Республикасындағы сапар кезінде көмір өндірушілер көмірден маржасы жоғары, салған инвестицияны тез ақтайтын өнімдер алуға болатынына көз жеткізді. Сондықтан министрлік бұл бағытта қытайлық компаниялармен жергілікті компаниялардың серіктестігі аясында капитал мен технология тарту бағытында жұмыс істеп жатыр. Қош делік, еліміздің тәуелсіздік жылдары ішінде пайдалы қазбаларды шикізат күйінде шетке тасымалдап, пайдасын алып келгені белгілі. Осыған басымдық берілгендіктен болар, өңдеуші өнеркәсіп кенже қалып келеді. Дегенмен әлі кеш емес. Министрлік сөз еткен бастама сәтті жүзеге асса, одан ұтарымыз көп.

Ж.БАЛАУСА.