1100-ДЕН АСТАМ АУЫЛ САПАЛЫ АУЫЗ СУҒА ЗӘРУ

Елімізде жыл сайын инженерлік инфрақұрылымды жақсартуға қыруар қаражат бөлінеді. Қолға алынып жатқан жұмыстардың да ауқымы кең. Әйткенмен қазіргідей қоғамның сан түрлі саласы қатар дамыған заманда ауыз суға жарымай отырған ағайын да бар. Нақтырағы, жауапты министрліктің хабарлауынша, сапалы ауыз суға зәру 1100-ден астам елді мекен анықталып отыр.

Тарқата баяндасақ, жуырда Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев елдегі ауылдардың сумен қамтамасыз етілу көрсеткіші туралы мәлімет берген болатын. Ведомство басшысының сөзіне сенсек, қазіргі уақытта 6 256 ауылдың 5 130-ы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Қалған 1 126 ауылды 2025 жылдың соңына дейін қамтамасыз ету қажет. Оның ішінде, 316 ауылды орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету көзделген. Сонымен қатар бюджет қаражатын тиімді пайдалану үшін халық саны 200-ден кем 810 ауылда жергілікті бюджет қаражаты есебінен кешенді блок-модульдер орнатылады.
Ал биыл 385 ауылды сумен қамтамасыз ету жоспарда тұр. Оның ішінде 135 ауыл орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілсе, 250 ауылда кешенді блок-модуль орнату жоспарланған. Қош делік, ауыз су мәселесі шешілмеген өңірлерде атқарылар жұмыстар алдағы уақытта мәлім болар. Дәл қазіргі жағдайда ауыз толтырып айтар жетістік жоқ. Мұны министрлік те мойындап отырған тәрізді.

«Уақыт».