ТҮРКІСТАНДЫҚ ӨРЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЧЕМПИОНАТТА ҮЗДІК ҮШТІКТЕН КӨРІНДІ

Түркістан қаласы бұрындары туристік орталық ретінде танымал еді. Дегенмен облыс орталығы болған уақыттан бастап өзге салалар да қарқынды дамып келе жатыр. Мәселен, тарихи қаланың өнері мен мәдениеті республикалық, сонымен қатар халықаралық деңгейде таныла түсуде. Бұл ғана емес, спорт саласында да ілкімді істер атқарылып жатыр. Мәселен, шаһарда бірқатар жаңа нысандар пайдалануға берілді. Осының арқасында білікті бапкерлер легі қалыптасты. Спортшылары да түрлі сайыстарда жеңімпаз, жүлдегер атанып жүр. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз.

2024 жылдың 28 мамыр мен 2 маусым күндер аралығында Астана қаласында «ADD Tennis Center Astana» орталығында 2013 жылы туылған және одан кіші спортшылар арасында үстел теннисінен ұлдар мен қыздар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өткен болатын. Міне, осы бәсі биік бәсекеде Түркістан қалалық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшысы Сейілбек Мейрамбек командалық сайыста 3-орынға ие болды. Осылайша Мұхтар Сыздықов жаттықтыратын өрен өзгелерден оза шауып, қабілеті мен тәжірибесін күллі Қазақстанға паш етті. Жүлдегерді Түркістан қалалық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Сарсенбаев Ануар Амантайұлы арнайы құттықтап, алғысын білдірді.
Айта кетейік, бұл түркістандық спортшылар жеткен алғашқы жетістік емес. Қазіргі уақытта қаладағы спорт мектептерінің шәкірттері түрлі халықаралық және республикалық байрақты бәсекелерде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеп, жүлдегер атанып жүр. Қала қоржыны алтын, күміс және қола медальдармен толыға түсуде. Мұның өзі қалада атқарылып жатқан толағай жұмыстардың оң нәтиже беріп жатқанын айғақтайды.