ТҮРКІСТАНҒА ЕРЕКШЕ МӘРТЕБЕ БЕРУ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан өңіріне жасаған жұмыс сапары барысында тарихи қалаға ерекше мәртебе беру туралы ұсыныс айтып еді. Арада көп уақыт өте қойған жоқ. Десе де бұл бағытта атқарылған жұмыстар ауқымды. Жуырда Үкімет басшысы Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заң жобасын Мәжіліс қарауына жіберген болатын. Маңызды құжат қабылданса, облыс орталығы рухани һәм мәдени қала ретінде дамудың даңғыл жолына түспек.

Осы орайда, апта басында Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың төрағалығымен арнайы мәжіліс өтті. Онда біз сөз етіп отырған заң жобасының ерекшеліктері талқыланды. Жиын барысында Бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Мұхтар Төлепов аталған құжат шеңберінде көзделген өзгерістер бойынша баяндама жасады. Облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, зиялы қауым және Үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысып, өз ойларын ортаға салған жиында заң жобасынан қалаға келетін пайда жайы сөз болды. Мамандардың айтуынша, бұл құжат шаһардың рухани-мәдени және тарихи орталық ретінде дамуына септігін тигізеді. Бұл әлеуметтік-экономикалық дамумен қатар, туристік әлеуетті арттыруға да әсер етпек.
Айта кету керек, Мәжіліс қарауында жатқан құжатта Қожа Ахмет Ясауи сынды бірегей кесенелер мен тарихи объектілерге қауіп төндіретін құрылыс, шаруашылық қызметті жүргізуге тыйым салу көзделіп отыр. Бұл өткен ғасырларда іргесі қаланған құрылыстардың ұзақ уақыт қалпын бұзбай сақталуына әсер етеді.