БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК ШАРА ӨТТІ

Бала – өмірдің шырағы. Өскелең ұрпақты қорғау өзекті мәселелерін шешуден басталады. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде жыл сайын 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында түрлі шаралар ұйымдастырылады. Мерекелік шара барысында талай бүлдіршіннің арманы орындалып, қуанышқа кенеледі. Биыл да бұл атаулы дата ауқымды деңгейде аталып өтті. Мәселен, Түркістан қаласында ерекше қажеттіліктері бар 200-ге тарта балаға мерекелік қоржын үлестірілді.

Райымбек Сейтметов атындағы сазды-драма театрында ұйымдастырылған шараға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев пен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Элмира Бейсенова қатысып, мерекемен құттықтады. Сонымен қатар салтанатты шараға ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары да шақырылды. Құттықтау сөзін арнаған қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы өз сөзінде «Бала жүрегі ана деп, ана жүрегі бала деп соғады. Қазақ қашан да баланы болашағым деп біліп, тәрбиесіне аса мән берген. Ұлтымыздың мәңгі өмір сүруі де балаларымызға байланысты. Бүгінгі балаларды қорғау күнінің де еліміздегі бала құқығының әрқашан бірінші орында қорғалатынын көрсетеді» дей келе қала басшысының атынан бүлдіршіндерге тарту табыстады.
Құттықтау соңы мерекелік шарамен жалғасты. Онда театр өнерпаздары ертегіні сахналап, бүлдіршіндерді қуантты. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Элмира Бейсенованың айтуынша, Түркістанда қазіргі уақытта 1600 ерекше қажеттіліктері бар балалар бар. Олар қазіргі уақытта әлеуметтік көмектің барлық түрін кедергісіз алып жатыр. Ай сайын шаһарда «Мейірімді жүрек» акциясы ұйымдастырылады. Басты мақсат – балалардың қоғаммен байланысын нығайту, оларға көмек қолын созу, қоғамның ажырамас бөлшегі екенін ұғындыру.