ОТБАСЫ ИНСТИТУТЫН НЫҒАЙТУ ЖОЛДАРЫ САРАЛАНДЫ

Бүгінде отбасы институты әлсіреп барады. Өйткені соңғы жылдары ажырасу саны айрықша өсіп тұр. Мұның бір себебі отбасылық кикілжіңге келіп тіреледі. Мұндай ұрыс-керіске себеп болатын жайттар да аз емес. Мәселен, құмар ойындарына тәуелді болып, лудоманияның шырмауына түскен жандардың мінез-құлқы күрт өзгереді. Қоғамнан бөлектенеді. Нәтижесінде отбасында кикілжің пайда болады. Әсіресе, бұл үрдіс жас отбасылар арасында жиі кездесіп жатады. Сондықтан да оның алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың қатары қалың.

Өткен аптада Түркістан облысы, Сауран ауданы, Жаңа Иқан ауылдық округінің кітапханасында «Жас отбасылардағы қақтығыстардың психологиялық себептері» тақырыбында кездесу болып өтті. Кездесуге Сауран ауданы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің инспекторы Т.Байжанов, Әжелер алқасының төрайымы Г.Бабаходжаева, Әйелдер ісі жөніндегі комиссия төрайымы Г.Якубова, психолог маман М.Эркинова қатысты. Жиында отбасының алып діңгек екендігі, отбасы құндылықтарына мемлекет деңгейде мән беріле бастағандығы, сондай-ақ тұлғалардың дамуы және отбасы мүшелері арасындағы байланысты нығайту жолдары айтылды. Кездесудің негізгі мақсаты – жас отбасылар арасында салауатты және бақытты қарым-қатынасты қалыптастыру. Өнегелі отбасыларды үлгі ете отырып, өзгелерге ой салу, отбасылық құндылықтарды жастар арасында дәріптеу.
Жиын барысында сөз алған психолог маман М.Эркинова отбасында болатын жанжалдарға лудоманияның да себеп болып отырғанын алға тартты. Өз сөзінде «Лудоманияның салдарынан ажырасып жатқан отбасы аз емес. Отбасындағы дұрыс берілмеген тәрбие, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың жақсы болмауы салдарынан балалар түрлі азарт ойынға құмар болып өседі. Бүгінде отбасын ойран етіп, адамды есінен адастырған індеттің құрбанына айналған қаншама азамат белшесінен қарызға батып жүр» дей келе, мұндай кеселді дүниеден аулақ болуға шақырды. Кездесу соңында келген қонақтар өз пікірлерін жеткізіп, ұсыныстарын ортаға салды.