ҚАЛА МЕКТЕПТЕРІНДЕ «МЕКТЕБІМ, САҒАН МЫҢ АЛҒЫС!» САЛТАНАТТЫ ШАРАСЫ ӨТТІ

Өткен аптада еліміздің барлық мектебінде соңғы қоңырау соғылды. Осылайша мыңдаған жас түлек білім ордасынан түлеп ұшып, үлкен өмірге қадам басты. Аталған айтулы датада Шымкент қаласында да ауқымды шаралар өтті. Нақтырағы, үшінші мегаполистегі барлық мектептерде бітіруші түлектерге арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Жыл сайын өтетін аталған шара биыл жоғары деңгейде ұйымдастырылуымен есте қалды десек, артық айтқанымыз емес.

Биыл өткен салтанатты шараның құрметті қонағы ретінде ата-аналар мен қамқоршылық кеңес мүшелері, 10, 20 жылдық мектеп түлектері, ардагер ұстаздар және мектеп мұғалімдері және 11 сынып оқушылары қатысты. Жалпы биыл Шымкент қаласында білім басқармасына қарасты 272 мектеп оқу жылын қорытындылады. Қалада 13 286 оқушы 11 сыныпты бітірді. Оның 463-і «Алтын белгіге», 641-і үздік аттестатқа үміткер. Ал 9 сыныпты 21 777 оқушы тәмәмдаса, оның 1158-і үздік аттестатқа үміткер болып отыр. Соңғы қоңырау іс-шарасы кезінде түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ата-аналармен түсіндіру жұмыстары, мектептерде қатаң тәртіпте полиция және педагогтар тарапынан кезекшіліктер ұйымдастырылды.
Айта кетейік, Шымкент қаласында білім саласының дамуына айрықша көңіл бөлініп отыр. Қазіргі уақытта қалада үшауысымды мектептердің мәселесі шешімін тапқан. Соңғы жылдары мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында көптеген білім нысандары пайдалануға берілді. Осының арқасында талай жылдан бері шешімін таппай келе жатқан орын тапшылығы түйткілінің түйіні тарқатылды. Енді міне, мыңдаған жас түлек орта білімді аяқтап, мамандық меңгеруге кіріседі.