БАСКЕТБОЛДАН ЖАСӨСПІРІМ ҚЫЗДАР АРАСЫНДА ТУРНИР ӨТТІ
Елімізде салауатты өмір салтын сақтау мен бұқаралық спортты дамыту бағытында қыруар істің атқарылып жатқаны белгілі. Оның ішінде Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Мәселен, өткен аптада Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты № 86 жалпы орта білім беретін мектебінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әуесбаев атындағы баскетболдан жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау және баскетбол ойынын өскелең ұрпаққа дәріптеу мақсатында 2011-2012 жылы туылған қыздар арасында турнир өтті.
Турнирдің тартысын ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Нұрлан Әуесбаев, Гүлдара Нұрымова, Данияр Қасқарауов, Ерболат Сатыбалдин, Данабек Исабеков, Наурыз Сайлаубай және ҚР Аналар қоғамдық қоры бірлестігінің кеңесшісі Бақытжан Айнасқызы тамашалады. Жарыста №21 Чехов атындағы жалпы орта білім беретін мектебі, №50 А.Байтұрсынов атындағы мектеп-гимназиясы, №86 жалпы орта білім беретін мектеп, №89 ІТ мектеп-лицейінің баскетболдан қыздар командаларының арасында тартысты ойын болды. Нәтижесінде №86 жалпы орта білім беретін мектебінің қыздар командасы бірінші орынды иеленсе, ІІ орынды №50 А.Байтұрсынов атындағы мектеп-гимназиясының қыздар командасы алды. Ал ІІІ орын №89 IT мектеп-лицейінің қыздарына бұйырды. Оқушы қыздар арасында өткен баскетболдан жарысты №18 олимпиадалық резерв мамандандырылған спорт мектебінің директоры Серік Карибай, мәдениет саласының үздігі Хахмедин Бегімбетов, Абай аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Пердебек Дүрментаевтар да қызықтап, тартысты ойындардың куәсі болды.
Айта кету керек, бүгінгі таңда Шымкент қаласында бұқаралық спортты дамыту бағытында қыруар іс атқарылып жатыр. Соңғы уақытта қалаға қарасты шағынаудандар мен елді мекендер балалар және спорт алаңшаларымен қамтылып келеді. Шалғайда жатқан елді мекендер де назардан тыс қалған емес. Қала берді қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың өзі пайдалануға берілетін нысандардың сапасын тексеріп, тиісті тапсырмаларды беріп келе жатыр. Мұның өзі өңірдегі спортты, бұқаралық спортты дамытуға септін болып отыр.