ЗАЛАЛСЫЗДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Жаз шыға түрлі зиянкестердің жер бетіне шығатыны белгілі. Осы орайда, Шымкент қаласының аумағындағы ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, энзоотиялық аурулардың алдын алу, зиянкес жәндіктер мен басқа да қауіпті буынаяқтыларды жою мақсатында бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Атап айтқанда, жоспарға сәйкес энзоотиялық ауруларына қарсы жұмыстар жылына 2 рет көктем және күз айларында жүргізіледі.

Сондай-ақ биыл жалпы 152 мыңнан аса ауыл шаруашылығы жануарларын бүрку, тоғыту жоспарланса, 2,3 млн шаршы метр қора-жайлар және 2 млн аса шаршы метрден аса саябақтар мен гүлзарлар залалсыздандыру жұмыстары қарастырылған. Аталған жоспар бойынша жұмыстар сәуір айының бірінші онкүндігінде басталу керек еді. Алайда ауа райының жаңбырлы болуына байланысты сәуір айының 17 күні басталды. Бірақ жоспарға сәйкес, жұмыстар маусым айында толық аяқталады.
Бүгінгі таңда қауіпті жағдайларды болдырмау мақсатында, іс-шараға қажетті ветеринариялық препараттар толық жеткізіліп, залалсыздандыру жұмыстарына бүркуіш аппараты орнатылған автокөліктер, сонымен қатар тиісті ранц аппараттары бар 6 бригада жұмылдырылды. Бүгінгі таңда 1,7 млн шаршы метрден аса қора-жайлар залалсыздандырылып, 120 мыңға жуық ірі қара және уақ малдарды бүрку, тоғыту жұмыстары атқарылды. Алдағы аптада саябақтарды залалсыздандыру жұмыстары жүрмек. Айта кетерлігі, залалсыздандыру жұмыстары, тек малы бар үйлерге және ауыл шаруашылығы жануарларын ұстауға арналған қораларға бюджет есебінен жүргізіледі. Ал басқа да жеке және заңды тұлғалар, Денсаулық сақтау Кодексінің 107 бабының 1-тармақшасына сәйкес, аталған жұмыстарды өз қаражаты есебінен жүргізуге міндетті.