ЖАСЫЛ БЕЛДЕУ АУМАҚТАРЫН МЕМЛЕКЕТ МҰҚТАЖЫНА АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы билік пен халық арасындағы байланысты нығайтады. Жергілікті жерлерде билік бастамасымен жүзеге асатын бастамаларға халықтың қатысуын, шешім шығаруға әсер етуін қамтамасыз етеді. Өз кезегінде, мұндай жүйе бұқараның билік тармақтарына деген сенімін нығайтады.
Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков күні бүгінге дейін үшінші мегаполиске қарасты шағынаудандар мен елді мекендерге арнайы барып, әлеуметтің пікірін ескеріп, тіһиісті тапсырмаларды беріп келе жатыр.
Мәселен, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков халықтың өтінішін ескере отырып, жасыл белдеу аумағын өз орнында қалдыру бойынша тапсырма берді. Игілік тұрғын алабы, Баба ата көшесінің бойындағы жасыл белдеу кезінде жеке тұлғаларға қойма құрылысы үшін берілген. Бірақ жергілікті тұрғындар мегаполис басшысымен кездесу барысында жасыл белдеу аумағын жеке тұлғаға бермеуін сұрап, жасыл белдеуді орнында қалдыру бойынша өтініш білдірді. Сондықтан қала басшысының тапсырмасымен, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы аталған жерге зерделеу жұмысын жүргізді. Нәтижесінде, 1,4 га аумақтың нысаналы мақсаты «қойма жайлары және темір базасы құрылысын салу үшін», «Шебер Юг» ЖШС-не, «Шымкент құс» ЖШС-не және кәсіпкерге жеке меншік құқығымен рәсімделгені анықталды.
Алайда бас жоспар бойынша аталған жер учаскесі жасыл желек аумағында орналасқандықтан, мемлекет мұқтажына алынады. Бүгінде тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазір әлеуметтік желіде жасыл белдеуде ағаштар кесіліп жатқаны туралы ақпарат тарады. Бұл шындыққа жанаспайды. Аумақта кәсіпкерлер тарапынан ағаш кесу фактілері орын алмаған. Аталған мәселе қала әкімінің жеке бақылауында.