ЖИҺАЗ ӨНЕРКӘСІБІНЕ ТАРТЫЛҒАН ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ 11 ЕСЕГЕ АРТТЫ

Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша қыруар істің атқарылып жатқаны белгілі. Күні бүгінде дейін мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібін ашып, нәсібін көріп отырғандардың қатары қалың. Бұл ғана емес, бүгінде белгілі бір салаларға қаржы құю көлемі күрт артқан. Оның қатарына жиһаз өнеркәсібін жатқызуға болады.

Биылдың қаңтары мен наурызы аралығында жиһаз өнеркәсібі саласына 1 млрд 173,4 млн теңгенің инвестициясы тартылған. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 есеге көп. Мұны «QazIndustry» АҚ Жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, жиһаз өнеркәсібін және құрылыс материалдары өндірісін дамыту дирекциясы растап отыр. Инвестиция тарту бойынша өңірлер арасында Түркістан облысы көш бастап тұр. Мұнда жылдың алғашқы үш айында салаға 645,1 млн теңгенің инвестициясы тартылған. Бұл елдегі жалпы көрсеткіштің 55 пайызына тең.
Соңғы уақыттағы мұндай жоғары өсімге орындықтар мен отыруға арналған басқа да жиһаздар өндірісіне инвестициялар көлемінің артуына байланысты қол жетіп отыр дейді сарапшылар. Қанша десек те, салалардағы жұмыстың серпін алып, өндірістің дамуынан қоғамның ұтары көп. Бәсекеге күшті болса, баға тұрақтанады. Компаниялардың табысы артса, мемлекетке төленетін салық мөлшері көбейеді. Өндіріс ауқымы кеңейсе, жаңа жұмыс орындары құрылады. Бір сөзбен айтқанда, бұдан әлеуметтің көрер пайдасы көп.

«Уақыт».