ТАРИХ ТАНЫМГЕРІ

Оңтүстікте Асан Тұрабаев есімді қазақ бар. Арыс қаласында туып өскен. Биыл 66 жасқа келді. Тұла бойы тарихқа, шежіреге, аңызға толы адам. Көп ізденеді. Көп оқиды. Жеке мұрағаты зерттеу еңбектерге бай. Қазақ тарихынан, би-шешендерінен, аңыз-әпсаналарынан, ру-тайпаларынан, шежіреден сөз қозғала қалса, ерекше күйге еніп, ағынан жарылып, төгіле кетеді. Баяндауы да өзгеше. Тыңдай бергің келеді. Бастысы көп біледі. Көп жазады. Бірнеше кітаптың авторы да.

Өңірде Әлиасқар Байғұтұлы есімді тарихи деректерді қағазға түсірген сыпыра шежіреші өткен. Сол кісінің мол мұрағаты болған дейді. Ақсақал өмірден өтерде өз қолжасбасын ұлы Ақпантай Байғұтовқа қалдырған. Шежіре қазақта да, басқа түрікмен, қырғыз, моңғол және басқаларда да ауызша сақталған. Сондықтан ауызша сақталған бөлігін бүгінгі мақала кейіпкеріміз Асан Тұрабаев таспаға түсірген. Кейін құнды дүниені жинақтап, жүйеге келтіріп, үш автор бірлесе отырып, «Алаштың Алатау батыры» атты кітапты жарыққа шығарады. Содан бері Асан Оразханұлы басқа еңбектерімен қатар, Алатау батырды тануды бір сәтке тоқтатпады. Үнемі толықтырып, деректерін кеңейтумен әлек.
Ел арасында өткен өмір тарихын өте жақсы білген «шежіре адамдар» болған. Олар қазақтың ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрін, заңдарын, әдет-ғұрпын, ай-күн есептерін жақсы білген. Көшпелілердің дүниетанымын жете түсінген. Небір аңыз-әпсана, жырларды жадында сақтаған. Әлиасқар Байғұтұлы ақсақал осындай ерекше жан болғанын айтады білетіндер. Ол кісіден қалған жазбалар мен ауызша жеткендерін бүгінде бізге жеткізіп жүрген кісі осы – Асекең. Сондықтан А.Тұрабаевты тарих танымгері, өлкетанушы, Алатау батырды танушы ретінде қарастыруға болады. Алатау батырды зерттеуге не түрткі болды, қызығушылық неден басталды дегенге өзі жауап қатады.
– Алатау батыр жайлы ең алғаш шежіреші Кенже қариядан 1980 жылы естіп, зерттей бастадым. Кейін Ақпантай Әлиасқарұлы көп мағлұмат берді. Ол — қазақтың соңғы сыпыра шежірешісі Әлиасқар Байғұтұлының зерттеулері. Ал оның құйма құлақ ұлы Ақпантай 1981 жылы дүниеден өткен әкесінің айтқан аманатын осы күнге жеткізген. Ақпантай Әлиасқарұлының еңбегі жеке бір институт жұмысына пара-пар дер едім. Ал әдебиттанушы ғалым, фольклор зерттеушісі, академик Рахманқұл Бердібаев «Алаштың Алатау батыры» кітабы басылып шыққанда, ризашылық сезімін білдіріп, батасын берді. Жазушы-драматург Дулат Исабеков алғысын айтты. Алғаш рет магнитофонға жазылып, қағазға түсірілген деректерді тарих зерттеушісі, ел азаматы Ілесбек Сейітұлы зерделеп, жүйелеп, кейінгі, қазіргі заманғы оқырманға лайықтап, «Ұлы бабалар насияты» деген авторлық топтаманы халыққа жеткізгенде, ел шайқалып, қаншама көзі ашық оқымысты қарияның көңілі толқып, жанары жасқа үйірілді.
2022 жылдың 1-шілдесінде 2 томдық кітаптың тұсаукесері Алматыда өтті. Шараны ҚР инженерлік академиясының академигі, ҚР Жоғарғы оқу орындары ассоциациясының президенті, «Тұран» университетінің ректоры, ғылым докторы, профессор Рахман Алшанов жүргізді. Кітаптың авторлары Асан Тұрабаев пен Ілесбек Байжановтар баяндама жасады. Қатысушы ғалымдар, тарихшылар мен өзге де зерттеушілер еңбекті жоғары бағалап, зерттеудің маңыздылығына тоқталды. Дәл осы жиында А.Тұрабаевқа да, І.Байжановқа да Ежелгі түркілер тарихы мен этнологиясын зерттейтін халықаралық «Тұран» академиясының (Түркия, Стамбул) академигі атағы берілетіні жайлы шешім қабылданды.
Алатау батырдың есімін, оның ерліктерін баян еткен еңбектерге сүйеніп, автор өзіндік пікірін де білдіреді. Алатау батырдың өнегелі өмірі Қазанғап Байболұлының «Ер есім» дастанында, Қойтас қажының шежіресінде, белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы Рахманқұл Бердібаевтың «Қазақ халқының үш мың жылдық тарихи энциклопедиясында» ерекше айтылғандығын түсіндіреді. Сондай-ақ, Шапырашты Қазыбек би Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабында, Мұхтар Мағауиннің «Ғасырлар бедері» еңбегінің «Қобыз сарыны» бөлімінде, «Қазақ Совет энциклопедиясында» (ҚСЭ, 1976, 4 том, 154 бет), «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында» (Алматы, 1998) зерттеулерімізге дәлел барын алға тартады. Осылайша қазақтың батыр ұлы халықтың жүрегінен орын алғанын жазады. Ал, бәрінен де Алатау батыр тануға жетелеген жәйт, бұл Ақпантай Әлиасқарұлы Байғұтовтың (1962-2009 ж.ж) бірнеше жыл бойы жазған тарихи жәдігерінде көптеген тың деректердің кездесуі. Осы және өзі жинақтаған өзге де деректерді салыстыра келе, арыстық ақын Темірхан Әбдіков екеуі бірлесе, Алатау батырдың бүкіл ғұмырын баяндайтын деректерді жинақтап, Алматыдағы «Қазақпарат баспа корпорациясынан» 2006 жылы «Алаштың Алатау батыры» атты кітабын жарыққа шығарды.
«Алатау жайлы алғаш рет 1980 жылдары кейбір басылымдардан, елдегі қариялардан Қоңыраттың ұраны Алатау дегенді оқып, естіп жүрдім. Бір күндері атақты шежіреші Арыс өңіріне танымал Кенже Биғоновтың «Қоңыраттың өрбу шежіресі» қолыма түсті. Сондағы Көктің ұлы Құлшығаштан Алатау батыр деген жерін оқып, ізденуді бастап кеттім» — дейді. Осы зерттеу жолында А.Тұрабаев бүгінгі күнге дейін жарияланған жазбалардан өзге, естіп-білмеген қаншама құнды тарихи деректерге жолыққанын айтады.
Алатау батыр Сабайдараұлы Бесайдар би немересі туралы нақты да құнды деректер берген туған жылдарынан бастап батырлық шерулері сол заманның билер мен батырларының, тектілерінің, жырауларының өмірлерін, тұлғаларының атқарған ролі мен саяси кезеңдерінің маңызды шараларын өлең, жыр жолдарымен, әңгімелерімен жеткізген, аманаттап, халқына, келешек ұрпаққа жеткізген Әлиасқар Байғұтұлының (1898-1981ж.ж.) еңбегі шексіз көрінеді. Алатау батырға рухани сүйеу болған Ескендір Мұңшының Орта Азияға жасаған жорығын баяндайтын парсы тілінде жазылған «Тарихи аламари Аббаси» еңбегінде де кездеседі екен («Елдікті ұлықтаған әулет» кітабы, зерттеуші тарих ғылымының докторы Хазреті Тұрсын, 2012ж.).
Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясында: «Алатау батыр (шамамен 1560-1640) – қолбасшы, саяси қайраткер, Қоңырат руынан шыққан, Тәуекел ханның Самарқан, Бұхараға жасаған жорығында бас қолбасшысы болған. Кейін Есімханның құба-қалмақпен шайқасқан жорықтары кезінде қазақ жасақтарының құрметті қарт ағасы атанған. Алатау батыр қырғыз, өзбек, түркімен жасақтарының арасында да танымал болды. Самарқан шаһарына «қала-мемлекет» статусын әперіп, оған Жалаңтөс баһадүрді әмір етіп қойғанында, Бұхара, Хиуа хандары алдындағы беделінің көмегі тиген. Алатау батырдың есімі Қоңырат руының, бүкіл Орта жүздің ұранына айналды» – делінген. Асан Оразханұлы энциклопедияға енбеген Қойтас қажының шежіре дерегіне сүйене отырып, жазған қолжазба еңбегінде тарихшы Сарсенбек Сахабаттың дерегінде былай өрбитінін түсіндіреді.
– Алатау батыр Түркістанда 1583 жылы дүниеге келген, ал, Тәуекел хан 1598 жылы Бұқар қамалын алар кезде Алатау батыр Тәуекел ханмен Есім ханның кезінде әскерге қолбасшылық еткен деген ойды меңзейді. Хан Тәуекелмен Еңсегей бойлы Ер Есімдердің бас қолбасшы болған деректері рас. Алатау баһадүр үш ханның бас қолбасшысы болғаны бұлтарптасыз тарихи дерек көздерінен көрініп тұр. Әлиасқар Байғұтұлының баласы Ақпантай Байғұтовтың және өзге тарихшылардың тұжырымында туған жылынан өзге бар дерек сәйкес келеді.
Ал Балғабек Қыдырбекұлының «Түп тұқияннан өзіме шейін» романында Алатау батыр жайлы құнды деректер кездеседі. Атырау аймағындағы Еділ қалмақтарымен соғысы, сондағы сарбаздарының жекпе-жектері Алатау батыр түркімендерге көмекке қызылбастармен, яғни Иран парсылармен соғысуға барған кездеріндегі оқиғалары кейбір деректерге сай келеді. Бірақ Алатау ол соғыста өлмейді Алатаулап ұрандаған сарбазы шейіт болады. Алатау батырдың қолының қайтыс болған сарбаздар жатқан жер «Алатау қорымы» аталып кетеді. Атақты күйші Құрманғазы Сағырбаевтың «Алатау» күйі осы оқиғаға әрі осы кезеңге орай туған болуы мүмкін деп топшылайды.
Ал, авторының бірі өзі танылатын «Алаштың Алатау батыры» атты кітапта Алатау батыр 1566-1646 жылдар аралығында өмір сүргені ғылыми дәлелмен келіп тұрғанын, Тәуекелдің Бұқараға жасаған жорығында Алатау батыр жиырма, жиырма екі жас шамасында-ақ даңқы шығып, буыны қатып, ел таныған азамат болғанын елестетеді. Ескеретін нәрсе, Тәуекел хан жас Алатаудың ерлігіне сүйсініп, оны «Жалғызым» деп атағаны мәлім. Демек, Алатау Тәуекелдің тұсында алғаш рет атқа қонып, ел қорғанына айналғанын, ханның сенімді батыры ретінде танылғанын білу ләзім дейді. «Алатаудай ұран арқалап, даңқым мен дабысым алғанда, көк бөрінің киесін, халқымның аманатын сезіндім» – деп Алатау батыр айтқан деп келтіріледі.
2010 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданында Алатау батырдың 450 жылдығына арналып ас беріліп, республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті. Сонымен қатар, аудандағы ең ірі елді мекенге Алатау батыр есімі беріліп, ескерткіш-бюст орнатылды. Ал Қазақ хандығының 550 жылдық тойын дүбірлетіп атап өтіп жатқан тұста, 2015 жылдың 15 қазанында Түркістан қаласына кіре берісте Алатау батырдың еңселі ескерткіші бой көтерді. Жиынға қатысушы тарихшы-ғалымдар Алатау батырға қатысты нақты жазба деректердің жеткілікті екендігін атап өтіп, батыр 1590 жылдар шамасында Түркістан өңірінде дүниеге келіп, 1627 жылдары қайтыс болғанын мәлімдеді. Салтанатты шараға ҚР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Өмірзақ Айтбайұлынан бастап, еліміздің бірқатар өңірінен тарихшы, зерттеуші-ғалымдар қатысты.
Жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат Исабеков Алатау батыр ерлігімен де, елдігімен де ерекшеленгендігін ортаға салды:
– Елдік үшін шайқастарда ерекше танылған ерін елі Алатау деп атаған. Ал, Алатаудың шын есімі – Бесайдар Сабайдарұлы Әз-Ғараб. Тәуекел ханның Самарқан, Бұқараға жасаған жорығында бас қолбасшы болған Алатау батыр қырыққа жуық ұлы жорықтарға қатысып ешбірінде жеңіліп көрмеген. Еңсегей бойлы Есім ханның кезінде құба қалмақтармен шайқаста да белсенділік танытқан. Әрі осы жорықта қазақ жасақтарының қарт ағасы атанған. Алатау батырдың тек қазақ жұртына ғана емес, әзірбайжан, түрікмен, өзбек, қырғыз жасақтары арасында да аса беделді болған. Самарқан шаһарына «қала, мемлекет» статусын әперіп, әйгілі Жалаңтөс батырды әмір етуге Алатау батырдың абыройының ықпалы тиген. Сондай-ақ, Сайрам төңірегінде де атақты құба қалмақтармен болған соғыста ерекше ерлік көрсеткен. Аталмыш шайқастарда рухани қолбасшы әрі стратег ретінде ақыл-кеңесін беріп отырған. Алатау ат үстіндегі жанкешті батыр ғана емес, Ресей, Мысыр, Араб, Парсы елдерінің арасында елшілермен қарым-қатынас жасап, халықаралық дипломат қызметін атқарған. Атап өтуге тиісті басты нәрсе – оның бейбітшілік жолды қолдағандығы. Алатау батырдың: «Бір-бірімізге қарсы келмейік, соғыстан бекерге жұрт қырылады» деп, елді ауызбірлікке шақыруының арқасында халық тыныш өмір сүруге мүмкіндік алған. Ел білуге тиісті тағы бір дерек – батыр өлімінің тарихтағы жұмбақ өлімдердің бірі екендігі. Алатау батыр өз өмірінің соңында пұшайман күйге түседі. Яғни, батырдың қос ұлы байлыққа таласып, екеуі екі жаққа кетеді. Өз балаларының арасындағы татулықтың жоқтығына қатты күйінген ол: «Қытайдың да, шүршіттің де тілін тапқанда екі баламның тілін таба алмадым ғой» деп өзіне-өзі кейіген екен. Сөйтіп өмірінің соңында қазіргі Отырар ауданына қарасты Байырқұм совхозындағы Мұрынқарақ тауы-ның басына жалғыз көтеріліп, таудан аман түспеген деседі. Бұл тұрғыда батырдың өз ажалымен өлді ме, жоқ әлде әлдекімдер қастандық жасады ма ол жағы белгісіз. Қазіргі таңда Мұрынқарақ тауында Алатау батырға арналған мемориал бар. Мұның өзі ер есімінің ел есінде қалуы үшін жасалған игі іс. Ал, қасиетті Түркістан қаласынан Алатау батырға арналған ескерткіштің бой көтеруі тарихи тұлғаға деген тағзым.
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы болса, Алатауды Құрманғазы күйінің кейіпкері деп атады:
– Есім ханның тұсында Қоңырат деген тайпадан қазақтың Алатау деген батыры шықты. Алатаудың батырлығын айғақтайтын екі жазба дерек бар. Біріншісі, Қазыбек би Тауасарұлының – «Түп тұқияннан өзіме шейін» деген жазбасы, екіншісі, Оңтүстіктің данагөй шежіре-тарихшысы Қазанғап Байболұлының «Еңсегей бойлы Ер Есім» атты дастаны. Аталған осы екі еңбекте батырдың ерлігі кеңінен баяндалады. Бұған ешкімнің де таласы жоқ. Бізде «менің «пәлен» деген бабам ана жерде соғысқан» деген әңгімелер жиі тілге тиек етіледі. Әйтсе де олардың, қай жылы, қай жерде соғысқаны нақты айтылмайды. Ал, Алатау батырда осы екі дерек ашық айтылады. Біріншісі, Алатау батыр Есімханның тұсында Каспий теңізінің бойында кіші жүз халқына қалмақтар озбырлық көрсетіп, талан-таражға түсіріп жатқанда, Есімхан Қарасай, Ағынтай, Алатауларды басқартып қол жібереді. Кейін оларға жолдан Жиембет жыраудың қолы қосылады. Барлығы бірігіп, 83 күн бойы соғысып, қалмақтарды жеңеді. Жазба деректерде Алатау батырдың сол шайқаста 9 рет жекпе-жекке шығып, ақыры сол соғыстан соң мерт болғандығы айтылады. Екінші, Қазанғап Байболұлының «Еңсегей бойлы Ер Есім» атты дастанында Есім хан мен Тұрсынханның Ташкент үшін соғысы баяндалады. Бұл соғысқа да Алатау батыр қатысады. Сондай-ақ, Есім ханның Алатау батырмен ақылдасқандығы айтылады. Демек, ханның өзінің батырымен ақылдасқандығы – оған сенгендігі. Сонымен қатар, шығармада Алатаудың сардар әрі мыңбасы, үнемі ақылдасып отыратын Есімханның оң қолының бірі екендігі көрсетіледі. Міне, осы екі жазба дерекке қарағанда, Ала-таудың алып батыр болғандығын аңғару қиын емес. Алатау батыр туралы сөз қозғағанда осы бір аңызды айтпай кетуге болмайды. Мұны тарихи дәлелді деп те, дәлелді емес деп те айта алмайсың. Құрманғазы Сағырбайұлының «Алатау» деген күйін бұрынырақта Алатау деген жерге байланысты шықты дей-тұғын. Кейін мен бұл күйдің Алатау батырды жоқтап шығарған күй екендігін естідім. Менің бұған бір иланатыным – «Алатау» күйін тыңдап отырсаң, мұнда қуаныш та, шаттық та жоқ. Керісінше, сағыныш пен мұң басым. Бұл жердегі айтылуға тиіс бір нәрсе – Алатау батырдың өзі сонау оңтүстіктің тумасы бола тұра, сонау батысқа арнайы барып, өзінің бауырларының жерін қорғағандығын Құрманғазының білмеуі мүмкін емес. Яғни, бұл Құрманғазының Алатауға күй арнауы әбден мүмкін екендігін көрсетеді. Туған елі үшін айқасқан осындай қазақтың хас батырлары мен ел билеген хандары болмаса, біздің бүгінгі Егемен еліміз де болмас еді. Сондықтан, Алаш үшін айқасқан айбынды азаматтарымызды ардақтау – біздің азаматтық борышымыз.
Біз көрсеткен іс-шараның барлығының басы-қасында, ұйымдастырушысы һәм ұйытқысы болып Асан Тұрабаевтың жүргенін көреміз. Әдетте осындай шаралар барысында жұмыс ауқымы кеңейіп, шаруа шаш етектен болғанда, ол кісі кез-келген қызметтің жүгін арқалап кете беретінін естиміз. Ол ұйымдастыру алқасының белді мүшесі де, төрағасы да, хатшысы да, есепшісі де, қонақтарды шақыртушысы да, керек болса көлік жүргізушісі де бола алады. Болып та жүр. Елдік мүдде, халықтық істе аянып қалмайды. Өзі зерттеуші әрі кітап авторы бола тұра, Алатаутанушы аға аталмыш тақырыпқа келгенде, ішкен асын жерге қояды. Әр іске ұқыпты, тиянақты дайындалады. Жоспар түзеді. Әлгі көнекөз Әлиасқар Байғұтұлы ақсақалдан бізге жеткен тарихи жәдігерді шашау шығармай сақтап қалды. Сүйген ісіне тұла бойымен құлай кірісіп кетеді, содан ләззат алады. Әрі-беріден соң, өзінің белсенді әрекеттерінен энергия алып, бойының қуаты артатындай көрінеді бізге. Қазақ тарихында өзіңдік орны бар айтулы тұлғалардың есімдерін, олардың ерлікке толы өмір жолы мен тарихи кезеңдерін жадымызда жиі-жиі жаңғыртып тұруымыз елдігіміздің белгісі деп есептейді. Бір ерекшелігі, тарихи тұлғалар жайлы, батыр-билер туралы сөз қозғала қалса, дерекке, дәйекке сүйеніп айтқанды жөн санайды. Өзі де бір ғана дереккөзге қарап қалмайды, оны жеткіліксіз санап, осы тектес басқа зерттеулермен салыстырып, саралап айтуды ұстанады. Зерттеген тақырыбың ғылыми тұрғыда негізделген болуы керек деп санайтын тарих танымгері – «Халықсыз – тарих жоқ, тарихсыз – халық жоқ» деген мақал бекерге айтылмаса керек. Тарихи зерделеу арқылы тарихи сана, мәдениет пен дәстүр, ұрпақтар сабақтастығы қалыптасады. Сосын болып жатқан оқиғаларды жан-жақты әрі тереңінен көре білу қасиетін дамытады әрі болашаққа дұрыс қадам жасауға жәрдемдеседі. Ал оны оқып-білу бізге не үшін қажет? Өз тарихымызды, өзге халықтар мен мемлекеттердің тарихын оқып үйрену біз үшін бұрынғы ата-бабаларымыз қандай болғанын, қазір қандай екенімізді біліп, жан-жақты саралау үшін қажет. Біз тарихымыз арқылы өте маңызды оқиғаларды есте сақтаймыз. Туған жер, ата-бабаларымыздың батырлық, ерлік дәстүрі, тыныс-тіршіліктерін оқып білеміз. Өнеге алып, болашағымызды болжаймыз, қателіктерін қайталамауға тырысамыз. Өткен замандардағы дара тұлғалардың ерлік дәстүрін оқып-білген жас ұрпақтан ғана елім-жерім деген ерлер шығады» – дейді ол. «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген Абайдың сөзін өмірлік ұстанымы ретінде қабылдайды.
Мақала кейіпкерінің өмірбаянына аз-кем көз жүгіртсек. Зерттеуші әрі Алатаутанушы Асан Оразханұлы Тұрабаев 1958 жылы тоғыз жолдың торабы саналатын теміржолшылар қаласы – Арыста дүниеге келді. №369-шы теміржол мектебін бітірісімен, 1974-1978 жылдары Қазақ мемлекеттік Абай атындағы педагогикалық институтының «көркем-сурет графика» факультетінде оқиды. Еңбек жолын 1978 жылы Арыс вагон депосында көркемдеуші-суретші мамандығымен бастады. 1979-1980 жылдары КСРО Қарулы күштерінің шақыртуымен әскер қатарында болып, Отан алдындағы әскери борышын Украинаның Самбор, Львов қалаларында өтеді. 1983 жылы Арыстағы «Суретшілер шеберханасында» көркемдеуші-суретші ретінде жұмыс істеп, шаһарды көркемдеу ісіне атсалысты. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 1993 жылы Шымкент қаласында, 2005 жылы Алматы қаласында «Халық емшілер орталығында» психология парапсихология мамандандырылған оқу курсын бітіріп, «Практикалық-психолог» мамандығын алып шығады. Арыстың мемлекеттік мұражайында да аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. Көптеген құнды экспонаттарды халық арасынан жинап, мұражайға тарихи көне жәдігерлер, ескерткіштер, құжаттар, суреттер жинауға сүбелі үлес қосты. Арыс қаласының 45 жылдығы қарсаңында «Арысым» қайырымдылық қоғамдық қорының жетекшісі ретінде қалалық деңгейдегі шараның ойдағыдай өтуіне аянбай тер төкті. Кейін Шымкент қаласына қоныс аударды. 2003 жылдан бастап осындағы темір жол ауруханасында дәрігер-психолог мамандығы бойынша қатарынан бірнеше жыл қызметте болды. Мерзімді басылымдарда жүздеген мақаласы жарық көрген. Көптен бері ҚР Журналистер одағының мүшесі. Өзі қоғамдық шаруаларға да белсенді. «Қазақстан психология қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің, ҚР «Психология парапсихология халық емшілер қауымдастығы» орталығының құрметті мүшесі.
Алатау батырдың өмірін, ержүрек болмысын ең алғаш іздестірген, көне көз қариялардан, шежірешілерден сұрастырып, зерттеген де осы Асан Тұрабаев. Ауызекі шежірені әртүрлі дерек көздерімен салыстырып, жүйелеп, кітапқа әзірлеген де өзі. Одан өзге, 2018 жылы «Ақмырза әулеті» шежірелік-зерттеу кітабының жазылып, өмірге келуіне де сіңірген еңбегі орасан. Осы еңбегінде зерттеуші-ғалым тарих қойнауында белгісіз жатқан ондаған батыр, би, болыс, ақын-жырауларды бүгінгі ұрпақпен қауыштырды. Асан Оразханұлының жеке мұрағатында өзі тапқан, бірақ әлі де жарық көрмеген, қосымша зерттеуді, зерделеу мен саралауды қажет ететін жүздеген тұлғаға қатысты дерек бар. Ол Қазақтың байтақ даласын, Алтай мен Атыраудың арасын мекендеген тұлғаларға, әртүрлі оқиғаларға қатысты жәдігерлер.
Түркістан облысының Отырар ауданындағы Мұрынқарақ жотасының үстіне әлгі көнекөз Әлиасқар қарияның тарихи дерегі бойынша Алатау батырға ескерткіш тақта орнатылды. Тағы да шараны ұйымдастырудың басы-қасында Асан Тұрабаев тұрды. Осы жылдардағы еңбегі бағаланып, 2018 жылы облыс әкімінің бұйрығымен зерттеуші ағамыз «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен наградталды. Маңдай тер, адал еңбегі, әсіресе тынымсыз ізденісі оны басқа да марапаттарға жетеледі. «Денсаулық», «Елеулі еңбегі үшін», «Ардақты ардагер» медаль-төсбелгілер иесі атанды. Басқа да марапаттарының орны бөлек. Республикалық «Д.А.Қонаев қоры» атынан «Қонаев» медалімен, медицинадағы психология парапсихология саласындағы жеткен жетістіктері үшін «Бейбітшілік әлемі» (Планета Мира –Word ot Peace), халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің атынан «Алтын қыран» және «Авиценна» медалін алды.
Бүгінде құрметті зейнеткерлік демалыста. Немере, шөберелерінің ортасында. Бірақ құр қарап отырған жоқ. Әлі де еңбектеніп, әлі де ізденіп келеді. Шығармашылығын бір сәтке де тоқтатпады. Руханиятқа қызметі қазір де жалғасуда. Асан Тұрабаев есімі аудан мен облыстан асып, республика жұртшылығына таныла бастағалы қашан. Соңғы еңбегіне тәнті болған Түркиядағы ғылым ордасы академик атағын берді. Есімі сыртқа шықты. Шымкенттегі зиялы қауым, әдеби-шығармашыл орта ағаны жақсы біледі, таниды, құрмет тұтады. Абыройы биік, замандастары арасында беделді.
Асан Оразханұлы әлеуметтік желіде де белсенді. Фейсбук парақшасында Алатау батырға қатысты қаншама жазбалары, әсіресе шежіреші Әлиасқар Байғұтұлының тың деректерінен үзінділер жариялап жүр. Жуырда Жазушылар одағына мүшелікке ұсынылыпты. Асып-тасығанын байқамадық. Өзі қарапайымдылығымен биік, кішіпейілдігімен жоғары азамат. Қазақ «Ауылыңда қарт болса, жазып қойған хатпен тең» демей ме. Асан Тұрабаев — осындай қазыналы қарттықтың биігіне өрлеп келе жатқан азамат. Абыз ақсақал дәрежесіне қарай бет түзеген. Аңсаған армандарына жетсін. Құдай күш-қуат беріп, ағаның тілеуін берсін дегіміз келеді.

Ерлан ҚУАНДЫҚОВ, журналист
Шымкент қаласы.