ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕМЕН КҮРЕСУ ҮШІН ЖАСТАР ОРТАЛЫҚТАРЫ БІРЛЕСЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ
Елімізде жастар орталықтарының құрылғанына біраз болды. Бұл құрылымдар өскелең ұрпақ арасындағы өзекті мәселелермен күресте белсенділік танытып келеді. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламаларды жастар арасында насихаттау бағытында да бірқатар бастамаларды көтеріп, сәтті жүзеге асыруда. Енді аталған орталықтар құмар ойындар, темекіге тәуелділік, алкогольға әуестік сынды әлеуметтік түйткілдердің түйінін ағытуда бірлесе жұмыс атқармақ.
Тарқата баяндасақ, жуырда Қызылорда облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі мен Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Мақсаты — жастар саясаты бағытындағы жұмысқа тың серпін беру, жүйелі жұмыстарды қалыптастыру. Қол қою шарасында жастар арасында кең етек алған синтетикалық есірткінің жолын кесу, құқықбұзушылықты алдын-алу, лудомания мәселелері және жастардың бастамаларына көмек көрсету, бірлескен мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыру, бірлескен құқықтық, психологиялық бағыттағы шараларға тарту, қажетті өзара мүдделікке негіз болатын ақпараттық материалдармен алмасу, сондай-ақ креативті жобалар мен түрлі идеяларды, бағдарламаларды бірлесіп жүзеге асыру жұмыстары талқыланды. Екі тараптың бір мақсатқа жету жолындағы іс-қимылдары жастардың дамуына септігін тигізбек.
Айта кетейік, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ тарапынан күні бүгінге дейін атқарылған жұмыстардың ауқымы кең. Бұған дейін облысқа қарасты аудандарда қаржылық сауатты арттыру пен ойынқұмарлықтың алдын алу бойынша кешенді шаралар жүзеге асты. Енді біз сөз етіп отырған бастама саладағы жұмыс сапасының әрі қарай арта түсуіне септін болмақ.