САЛА МАМАНДАРЫ ЖАСТАРҒА ҚҰНДЫ КЕҢЕСТЕР БЕРДІ

Адам ақшаға бәс тіксе, лотерея алса, казиноға барып ақша шығындаса, оның бойында ойындарға деген құмарлық бар деп есептеледі. Бұл – тәуелділік. Онымен күресудің екі жолы бар. Біріншісі – лудомания жайлы білмейтін жастар мен жасөспірімдерге ойынқұмарлықтың зардаптары турасында кеңінен ақпарат беру, екіншісі – лудоманияға шалдыққан жандармен кешенді психологиялық жұмыстар жүргізу. Әрине, екіншісін жекелеген адамдармен жүргізеді. Ал біздің, яғни қоғамның міндеті – ойынқұмарлықтың кең таралуына тосқауыл болу. Бұл бағытта елімізде қолға алынып жатқан шаралар аз емес. Мәселен, Түркістан облысына қарасты аудандарда ақпараттық-насихат жұмыстары қарқынды жүргізіліп келе жатыр.

Жуырда Төлеби аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің және Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиалы бірлесе ұйымдастыруымен «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында этносаралық татулықты сақтау, достық қарым-қатынасты нығайту және жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын-алу мақсатында Көксәйек ауылдық округіне қарасты Жеңіс жалпы білім беретін мектебінің жоғарғы сынып оқушыларымен кездесу өткізілді. Кездесуде аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы С.Бекмұрзаев жастарға қоғамға сіңу мен тұлға болып қалыптасуға қажетті білім, дағды, икемділік, адамгершілік және достық қарым-қатынас екенін айтып, ата-анаға және ұстаздарға құрметтен қарап, сыйлау керек деген ақыл-кеңесін айтты.
Сонымен қатар Төлеби аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Б.Мақұлбек қазіргі уақытта жастар арасында өзекті мәселеге айналған нашақорлық пен электронды темекі және құмар ойынның алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жастарға бос уақыттарын тиімді пайдалануға кеңес берді. Спикердің айтуынша, кейінгі кезде казино, ақшалай ойын автоматтарының таралуына байланысты құмар ойындар мәселесі өзекті мәселеге айналуда. Олардың барлығы әсем ресімделген, бұл қысқа уақыт ішінде жеңіл ұту мүмкіндігін туғызады. Ал оның артында қылмысқа бастайтын қадамдар жатыр. Сондықтан жастар мұндай кеселді әрекеттерден аулақ болу керек.