ЖАСТАРДЫ ЖАТ ҚЫЛЫҚТАН САҚТАНДЫРУ КЕРЕК

Букмекерлік кеңселерде ақша тігетін қазақстандықтардың қатары көбейіп барады. Ресми деректерге сүйенсек, олардың саны – 350 мыңға жуық. Құмар ойынға салынған әр азаматтың қарызы – орта есеппен 10 миллион теңге шамасында. Сарапшылардың айтуынша, ерлі-зайыптылардың ажырасу фактілерінің жиілеуіне де құмар ойын әсер етіп отыр. Атап айтқанда, ажырасу оқиғаларының 40 пайызы ерлі-зайыптылардың бірінің жеңіл ақшаға құмартуының салдарынан болады. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта құмар ойындарымен көп жағдайда балалар мектеп жасында танысады. Сондықтан жат қылықтан жасөспірімдерді қорғау мақсатында түсіндірме жұмыстарын жиілетудің маңызы айрықша.
Осы орайда, Түркістан облысы, Отырар ауданы Темір жалпы білім беретін мектебінде мектептің 7-11 сынып оқушыларының қатысуымен кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылық пен олардың арасындағы ерте жүктілік, әлеуметтік желілер арқылы жат ағымдардың арнайы сайтына кірмеуінің алдын алу, суицид, зорлық-зомбылық іс-әрекетінің профилактикасы, сыбайластық, нашақорлық пен алаяқтыққа жол бермеу туралы жиналыс болып өтті. Жиында спикерлер кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын-алу, мектеп жасындағы қыздардың тәрбиесіне қатал көңіл бөліп, ерте жүктіліктің алдын алуға байланысты көптеген іс-шаралар өткізу, суицид және лудомания — құмар ойындарының зардабы елдің дамуына кері әсерін тигізіп, адамның кері кетуіне ықпал ететіндігі туралы айтып өтті. Әлеуметтік желілердегі алаяқтарға алданбау керектігі жөнінде, белгісіз сайттарға кірмеу керектігі туралы айтылды. Сонымен қатар сыбайластыққа жол бермеу, әлімжеттік көрсетіп, нашақорлыққа ұрынбау, темекіге әуестенбеу жайлы кеңінен ұғындырылған шараға мектеп инспекторы А.Орымбай да қатысып, кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі мен құқықтары туралы да түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Айта кету керек, өткен жылы қыркүйекте өткен Қауіпсіздің кеңес отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі құмар ойынға салынғандар санының күрт көбейгенін айтты. Тіпті кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналған. Құмар ойынның шырмауынан шыға алмай, қылмысқа барғандар, өз-өзіне қол жұмсағандар, жиған-тергенін сатып борышқа белшесінен батқандар қаншама. 2018 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аурулардың халықаралық классификациясына осы құмар ойынға құнығуды қосты. Демек, бұл – жаһан дертіне айналған мәселе. Сондықтан жастарды жат қылықтан сақтандыратын мұндай кездесулердің маңызы айрықша.