ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНДАҒЫ ОТАНДЫҚ ӨНІМНІҢ ҮЛЕСІ ҚАНДАЙ?

Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі құрылыс саласының үлесі 0,8 пайызды құрады. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінен мәлім етті. 2023 жылы құрылыс материалдарын өндіру көлемі 1 трлн 249,5 млрд теңгені құраған. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 10,3 пайызға артық.

Құрылыс материалдары нарығының көлемі 2023 жылғы қаңтар-желтоқсанда 3 млрд 671,7 млн АҚШ долларына жеткен. Осы салада отандық тауар өндірушілердің үлесіне жалпы көлемнің 68 пайызы тиесілі. Импорттық өнімнің үлесі 32 пайыз шамасында. Отандық өндіріс ішкі нарықты портландцемент, тауарлық бетон, гипс, ерітінділер, гипсокартон сияқты өнімдермен толық қамтамасыз етіп отыр. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қытайдан құрылыс материалдарының импорты 297,8 млн АҚШ долларын құрады. Былтырғы импорттың негізгі тауарларына бірнеше өнім кірді. Олар – еден жабындары, санфаянс, мәрмәр, травертин, керамикалық құрылыс материалдары.
Қош делік, елімізде отандық өндірісті дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Кәсіпкерлерге жасалып жатқан қолдау шаралары да ауқымды. Жасыратыны жоқ, тұрғын үй бағасының тұрақтануына дәл осы отандық өнімді дамыту арқылы қол жеткізуге болады. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтиже беріп келе жатқанын жоғарыдағы деректен айқын көріп отырмыз.

С.НҰРАЙ.