ХАЛЫҚ ӘРТІСТЕРІНЕ АРНАЛҒАН САХНА ЗАЛЫ МЕН АУДИТОРИЯЛАР АШЫЛДЫ

Өнердің өрісі кең. Бұл сала шекара мен шекті білмейді. Сондықтан болар саф өнер қашан да жаһандық деңгейде өз бағасын ала білген. Ал елімізде өнер иелерінің есімі елеусіз қалмайтыны анық. Бұл сөзді тектен-текке жазып отырғанымыз жоқ. Жуырда Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Қазақстанның халық әртісі, профессор Райымбек Сейтметов атындағы сахна залы ашылды. Сонымен қатар Қазақстанның халық әртістері, оқу орданың профессорлары Қажыбек Бекбосынов пен Рахима Жұбатурова атындағы қос аудиторияның ашылу салтанаты өтті.

Өнері мен өнегесі арқылы қазақ қоғамына танылған алыптардың рухына тағзым ету үшін шараға еліміздің түкпір-түкпірінен ұстаздардың көзін көрген игі жақсылар мен туыстары, тәлімін алған шәкірттері және әріптестері жиналды. Жиын барысында университет ректоры Жанар Темірбекова елеулі еңбегімен елдің құрметіне бөленген тұлғалардың оқу орны үшін мақтаныш екенін тілге тиек етіп, мәдениет саласының дамуына жасаған қызметтері жайлы баяндады. Өз сөзінде «Бүгінгі іс-шара өте ерекше. Райымбек Сейтметов, Қажыбек Бекбосынов, Рахима Жұбатурова да Түркістанға келген сәтінен бастап, адал қызмет етіп, ең маңызды тұлғалардың қатарында болды. Бұл жандардың есімдері қазақтың өнер тарихында өшпес, алтын әріппен қалады. Ол кісілердің рухына бас иеміз!» деді ректор.
Салтанатты шарада ректор өкілі Наджи Генч, облыстық мәслихаттың депутаты Бекарыс Шойбеков, қалалық мәслихаттың төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев пен облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті. Рухани кеш соңында «Актерлік өнер» мамандығының 4-курс студенттері Рахымжан Отарбаевтың «Айна ғұмыр» драмасын сахналап, жиналған қауымның қошеметіне бөленді.
Айта кетейік, Райымбек Ноғайбайұлы Сейтметов – қазақ театр сахнасының негізін қалаушы, өмірін өнерге арнаған аңыз тұлға. Кіндік қаны тамған жері, түркі халқының рухани астанасы Түркістанда театр ашып, мәңгі тарихта қалды. Сонымен қатар Ахмет Ясауи университетінде өнер бөлімін ашқан. Ал Қажыбек Бекбосынов халық әндерін кәсіби орындаумен көптің жүрегінен орын алған. Өмірінің соңғы жылдарында шәкірт тәрбиелеп, еліміздің бірқатар оқу орындарында ұстаздық қызмет атқарды. Ол дәстүрлі әншілер арасында өзінің бай репертуарымен көзге түсіп, үш жүздің ән мектебін бір жүрегіне сыйғызған. Рахима Жұбатурова — қазақ опера және балет театрының лирико-драмалық сопрано әншісі, атақты Нәдия Шәріпова, Ирина Архипова, Тамара Милашкина, Фуат Мансуров, Белла Руденкодай ұстаздардан тәлім алған, өнер жолында талмай еңбек етіп, көптеген шығармаларда басты партияларды, соның ішінде Татьяна, Амелия, Тоска, Сара, Дана, Қамар сұлудың арияларын шырқап, бейнесін сомдаған.