ЖАСТАР «КИЕЛІ МЕКЕН» АПТАЛЫҒЫНДА АЙРЫҚША БЕЛСЕНДІЛІК ТАНЫТТЫ
Жуырда елімізде «Таза Қазақстан» тазалық акциясы басталған болатын. Сәйкесінше, мемлекетіміздің әрбір өңірінде ауқымды шаралар өтіп, қоршаған ортаны қоқыстан тазарту жұмыстары жанданды. Бірнеше аптаға созылатын ауқымды акцияның екінші аптасында шымкенттік жастар мен қала тұрғындары белсенділік танытты. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз…
«Киелі мекен» деп аталатын апталықта қоршаған табиғаты мен киелі жерлері үйлесім тапқан үшінші мегаполистің тарихи орындарында тазалық жұмыстары жүргізілді. Жалпы қала бойынша 5 ауданның коммуналдық мекеме қызметкерлері мен Жастар ресурстық орталығының белсенділері акция барысында жұмыла жұмыс істеп, тазалау жұмыстарына өз үлестерін қосты. Тарқатсақ, Қаратау ауданына қарасты Сайрам тұрғын алабындағы Қарашаш ана кесенесі, Еңбекші ауданында орналасқан «Т.Рысқұлов» гүлзарлары қоқыстан тазартылып, ағаштар әктеліп, кесене мен гүлзарлар жиналған қоқыстан тазаланды. Айналасындағы өскен шөптер орылып, абаттандырылды.
Әл-Фараби ауданы аймағында орналасқан «Д.Қонаев» және «Ә.Молдағұлова» ескерткіштерінің маңы, «Шым қала» тарихи-мәдени кешені мен Абай ауданына қарасты «Темірші әулие» кесенесі, сондай-ақ Тұран ауданындағы Тілеу Айтұлы батыр ескерткішінің айналасы ретке келтірілді. Арықтар тазаланып, отыратын орындықтар сырланып, гүлдер егілді. Ескерткіштерден бөлек қала аумағында орналасқан саябақтар, сквер мен өлкетану мұражайларының аумағы да абаттандырылып, жиналған қоқыстар, сынған ағаштар шығарылып, айнала тазаланды. Жалпы «Киелі мекен» апталығының патриотизм, табиғатқа, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мен киелі құндылықтарды дәріптеудегі маңызы зор. Ең бастысы, бұл бастамаға жастардың белсене қатысуының өзі туған елге, қалаға деген жанашырлықты, патриотизмді айқындайды.