ДИАБЕТТІК ТАБАН СИНДРОМЫНА ШАЛДЫҚҚАН НАУҚАСТАРҒА ТІЛІКСІЗ ОТА ЖАСАЛЫП ЖАТЫР
Шымкентте медицина саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Күні бүгінде қала аумағындағы медициналық мекемелердің базасында түрлі күрделі оталар сәтті жасалып келе жатыр. Жыл сайын дәрігерлердің біліктілігін арттыру бағытында да бірқатар ауқымды бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асуда. Осы орайда, бүгінгі материалымызда үшінші мегаполистегі денсаулық сақтау саласының мүмкіндігі турасында жазбақпыз.
Қазіргі уақытта қант диабеті асқынған науқастарға шұғыл хирургиялық көмек көрсету үшін қалалық №2 аурухана базасында диабеттік табан бөлімшесі ашылған. Аурухана дәрігерлері диабеттік табан синдромымен келген пациенттің аяқ ампутациясын алдын алу мақсатында эндоваскулалы баллонды ангиопластика, яғни стенттеу отасын жасайды. Тіліксіз ота арқылы науқастың аяғын аман алып қалуға болады. Операция кезінде хирургтар катетерді артерияға енгізу арқылы тамыр қабырғаларын баллонмен кеңейтіп, стент орнатып береді. Мұндай әдіс қан ағымын жақсартып, жараның жазылуына жақсы ықпал етеді. Сәйкесінше, қант диабетімен ауыратын науқастардың өмір сапасын жақсартады.
Айта кету керек, соңғы жылдары қалада медицина саласы қарқынды дамып келеді. Едел-жедел қолға алынған шаралардың арқасында жергілікті тұрғындар қауіпті дертке қаланың өзінде-ақ шипа тауып, ауруынан құлан таза айығуда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.